Өлең - сөздің анасы (лирика туралы)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Апреля 2014 в 18:54, дипломная работа

Краткое описание

Шығармашылықтағы тартыс пен мінез мәселесі қазіргі таңда прозалық және драмалық шығармаларда тереңінен талданғанмен лирикалық туындыларда жүйелі түрде қарастырылмай келеді. Қазіргі қазақ лирикасының даму сипатында мінез (характер) және тартыс(конфликт) мәселесінің әдебиет теориясының негізгі нысанасына ілінуі кезек күттірмейтін мәселе. Лирикалық кейіпкердің жан әлемін ашуға қызмет ететін, шығармашылыққа соны серпін беретін мінез бен тартысты нысанаға алу лирикалық туындыларға жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді.

Вложенные файлы: 1 файл

диплом Майгул.doc

— 382.00 Кб (Скачать файл)

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын,

Асау жүрек алқынар[12, Б.163]..

(Абай).

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың кегіне –

Күн болмағанда, кім болам!

(Сұлтанма хмұт).

Осындағы поэзия қайсы? Оқымаған, надан, феодалдық-патриархалдық әдет-ғұрыптардың батпағына батқан мешеу елге өнер-білім, мәдениет ұрығын егемін деген асыл ой ма? Сұлтанмахмұт заманында «Оян, қазақ!» секілді кітаптар көптеп шығыпты ғой. Олар да өнер-білімді, мәдениетті насихаттаса керек. Бірақ сол өлендерді қазіргі көпшілік біле бермейді... Ал Сұлтанмахмұттың әлгі өлеңін бүгінде әрбір мектеп оқушысы жатқа біледі. Осы өлең бүгінгі оқушыға соншама неге жақын болды? Апырмау, халқымыз әлдеқашан сауаттанып, жаңашыл мәдениетіміз тамаша табыстарға жеткен жоқ па еді?! Рас, өнер-білімде, өсуде шек болмасқа керек. Дегенмен, Сұлтанмахмұт өлеңінің жасын ұзартып тұрған ондағы ұран-үндеу ғана ма екен?

Сірә, осы өлеңді бүгінгі оқырманға жақын ететін ондағы жарқын оймен қабат, азаматтық, ақындық асқақ рух, қайсар мінез, шамырқану, қараңғылық пен түнек атаулыға азу батыру, қыр көрсету сезімі де болса керек. Иә, иә, осы өлең бізге сезім-мінезімен қымбат, сонысымен жақын. Ұлы ақындардың қай дәуірде өмір кешкеніне қарамастан, қашанда біздің замандасымыздай қасымызда қатар жүруінің басты себебі де - олардың адам баласының барша бұрынғы-соңғы ұрпағына ортақ, жанына жақын құбылыс-сырларды, қуаныш-шерлерді қозғайтындығы.

Лирика - ақындық «Меннің» саналы, азат қызметкері.

Лириканың бастауы  -  индивидтің  қозғалысы, күйзелісі, қуанышы, таңданысы. Лириканың шырқауы – сол индивидтің көпшілік алдында ақтарыла сөйлеуі. Индивид сырының индивидуализмге әкеліп соғатын кездері де кездеседі. Ол – ақынның осалдығына жатады.

Ұрпағымыздың бастан өткерген тауқыметі аз емес: аққан қан, төгілген тер көл-көсір! Бірақ біз осалдыққа қарсымыз:

Біз болсақ сан дұшпанды таптап та алдық,

Жүректі қиындыққа қақтап та алдық.

Дұшпанға айтарымыз:

Тоқтаровтың

Мына біз қайсарлығын сақтап қалдық! [13, Б.163]..

(Қадыр Мырзалиев).

Бұл   -  ақиқат. Ендеше, бұл «Біздің» атымыздан айтылған сөз.

Бірақ шын сыршыл лирика табиғаты жалтыр, жадағай сезімді өтірік қуану мен өтірік күлуді, көпірме мұңсыздықты көтермейді. Лириканың өміршеңдігінің сыйпаты – оның бойына тұтас драманың даруы болса керек. Драматизм жоқ жерде – байсалды өлең жоқ.

Заулайды жер. Шұбартады дала бұл,

Түк андамай қарайды тек аңқау күн.

Заулайды жер жанарында дананың,

Жамбасында жалқаудың...

Заулайды жер табанында тағының:

Тізесінде тиранның[14, Б.163].

(Жұмекен Нәжімеденов).

Уайымның да уайымы бар. Харекетке, әділет ісі үшін күреске бастайтын уайым - ойлы адамға тән қасиет. Өйткені өмір контрастарға, алақұла қақтығыс, арпалыстарға толы. Күрес бар жерде - жеңу, жеңілу бар. Ендеше, қуану мен күйіну бар. Осының бәрі - өлеңнің азығы. Оның үстіне, лирикадағы қуаныш пен қайғының дәлелі математикалық дәлдік дәрежесінде көрінуге міндетті де емес.

Қырқадағы гүлдерден қорқам,

Күз келсе бәрі солады-ау деп.

Зулаған жүйрік күндерден қорқам,

Қанаты бір күн талады-ау деп[15, Б.163]......

( Тұманбай Молдағалиев).

Әдемі айтылған! Өлеңнің қашан да жалқы ғана емес, жалпы мағынасы бар. Өнердегі аргументтер өмірдің өзінде. Қазіргі өскелең, өрелі лирика туралы сөз еткенде осы жәйін дәйім ескертіп отыру керек.

Қазақ лирикасының озық үлгілерінде қазір жадағай, жалаңаш суреттерден адаланып келе жатқан сияқтымыз. Лирикамыздың сыр мен сыйпаты терендеп, күрделіленіп келеді. Мұндай құбылыстар әсіресе табиғат, интимдік жырларда анық байқалады:

Қар жауып тұр, асықпайды ол бірақ,

Қонып жатыр жәймен ғана қалғып-ақ.

Алатаудың құшағына енгенде

Ақ денесі кететіндей балбырап.

Кейде тіпті ашылып та шашылып,

Кейбіреудің табанына басылып,

Қалады ол аз күн өмір сүргенде

Қара жердің кем-кетігін жасырып. [12, Б.163]........

(Сағи Жиенбаев).

Кең дүние, төсінді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің.

Бұйрат құмдар бұйығып шөлдегенім,

Бура бұлттар — бусанып терлегенім.

Аспаныңдай кей сәтте күрсінемін,

Жас талындай жауқазын бүршік едім. [16, Б.163]... (Мұқағали Мақатаев).

Бірақ лирикадағы түрлі ізденулер қанағаттандыра бермейді. Іздену, табу, ең алдымен поэзияның еншісінде. Өйткені поэзия - өнердің ең белсенді әлемі. Оның үн қосуы, күреске түсуі қашанда тез, тұтқиыл болатын. Сондықтан поэзия дәйім тыңдарды ашып отырады. Өнердің өзге саласына игілікті әсер-ықпалын тигізіп отырады.

Образ-бейнешілдік бағытындағы ізденістер жеміссіз емес. Ақындарымыздың біразы өлеңнің үн-әуезіне, екпін-ырғағына ерекше ден қойып жүр.

Абзал жар, ару ақ залдар,

Ақ залдар, аппақ вокзалдар,

Бұлғап қал қолды көп белдер,

Тулап қал толқып көк көлдер,

Шыңдап бар мені жеткенше,

Тындап бар мені көк пен жер! [17, Б.163]...

(Төлеген Айбергенов)

 

Қуатты ән тасқын болып тасыған,

ІІІуақты ән тебіренген толқын боп.

Оны естісем мен тағдырға ашынам,

Оны естісем нұрланады жарқын көк.

(Жүсіп Қыдыров).

Ақын  поэзия ассоциациялар құдіретін көрсетуге тиіс. Онсыз таңданудың болуы мүмкін емес. Шынында, сұлулықты түсіну дегеніміздің өзі сол таңданудан басталмаушы ма еді. Поэзия да таңданудан басталса керек. Бұл ретте, әрине, айта қаларлықтай   таң-тамаша   табыстарымыз   көп   емес шығар. Біраз   ақындарымызда   образды   ойдың   кемелдігі жетісе бермейді.

Қазіргі  лирика тақырыптары туралы да екі ауыз сөз айту артық емес.  Бұл салада қол жеткен өрістер бар. Азаматтық, әлеуметтік тақырыптарда жазылған сәтті жырларды білеміз. Бірақ осы тақырып мәселесінде арзандыққа жол аша бермеу керек сияқты.

Жалғыздық көрген жоқ басым,

Жанымнан менің кек аулақ.

Жырласам ылғи от басын,

Күлі бар жатқан мен аунап...

деп жазады Сағи   Жиенбаев.  Бүгінгі қазақ лирикасының сыры мен сыйпаты көп. Біз соның ішінде Тұманбай Молдағалиевтің лирикасына тоқталамыз.

 

 

2.2 Тұманбай Молдағалиев  поэзиясындығы ұлттық рух 

 

 

«80-90 жылдардағы қазақ поэзиясы жайлы сөз қозғағанда, осы жылдардағы тарихи жағдайды айтпай кету мүмкін емес. Бұл кезең халқымыздың өмірінде аса үлкен тарихи маңызы бар уақыт болғаны мәлім. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ұлттық сананың ұлы төңкерісі болды. Орыс империясының шырмауындағы қазақ халқы бодандық бұғауын үзіп шықты. Желтоқсан оқиғасы жаңа тарихи кезеңге жол ашты. Қазақ халқы егемендігін жариялап, Ата Заңын қабылдап, өзін әлемге танытты. Тарихымыз бен мәдениетіміздің көлеңкелі жақтарының ашылуының ұлтымыздың рухани өміріндегі маңызы ерекше. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан шығармаларының жарыққа шығуы поэзиямыздың көркемдік көкжиегінің кеңеюіне, ұлттық бояуының айқындала түсуіне өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Дамыған сайын, ондағы ұлттық белгілер ашық бедерлене түсті. 80-90 жылдардағы қазақ ақындарының өлеңдері осы ойымызды айғақтайды» .

Ең алдымен, ұлттық рух деген не? Соған тоқтала кетсек.

Ұлттық рухқа «Төрт ана» атты кітапта былайша анықтама берілген. «Ұлттық рух дегеніміз -  өте киелі ұғым. Ол өзге халықтан бөлектену, оқшаулану, өз артықшылығыңды көрсету, өзгеге менсінбей қарау дегенді білдірмейді, оның беті аулақ болсын, оны шовинизм дейді. Біздің халық ешқашан да оның дертіне шалдығып көрген емес, алдағы уақытта да сол кесепатты ауруға ұшырамас та. Ұлттық рух дегеніміз - өз ұлтыңның озық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, таңғажайып тілін бала кезіңнен бастап, қашан жер құшағына енгенше төбеңе ту етіп көтеру, тілін, тәрбиесін берген халықтың лайықты азаматы бола білу деген сөз» [18, Б.30].

Өлеңдегі ұлттық мінез поэзиялық туындының өн-бойынан байқалып отырады. Поэзия зерттеушілерінің мына төмендегі тұжырымдарына назар тоқтатайық:

«Өлеңдегі ұлттық мінездің бейнеленуі ұлттық мінез туралы философиялық трактат не психологиялық талдаулар емес, оған ақынның не оның лирикалық кейіпкерінің әр түрлі жағдайда жасаған қарым-қатынасы, берген бағасы, айтқан сыны күйінде келеді. Ұлттық мінез – ұлттанудың ғана емес, әдебиеттанудың да ерекше категорриясы және өлең өрімінде ақын тұлғасымен, бейнесімен тығыз байланыста болатын субъективтілік сипаты басым ұғым. Ақын неғұрлым ұлы, талантты болған сайын, оның шығармашылығындағы ұлттық мінез соғұрлым анық та айқын білініп отырады» [19, Б.247 ].

  •       Тұманбай Молдағалиев алғашқы қадамынан-ақ қазақ поэзиясына өзгеше ұн, ырғақ, сыр ала келді. Оның ақындық сыры шынайы адамдық қылықтарға, жас адамға лайық сезім шыншылдығына, ойға құрылған. Ақын сол бір шынайы ой мен сезімді суреткерлікпен таныта білу, бейнелеу қабілетін байқатты.
  • Кей ақындар өз заманындағы өмірдің тұтқасын ұстап отырған төрдегілермен арыстандай арпалысып өтеді, енді бірі сол тақсырлармен әмпайласып, көңілінен шығып, тілін табумен болады. Қай саяси жүйе жайласа да, сағасы толы, суы мол, жағасы бай қалпында ағып жатқан дариядай өзінің сабырлы да қажырлы, инабатты мінезімен ақындық парызын өз ұстанған бағытында ақтай береді. Дариядан Тұманбай ақынның бір өзгешелігі - ол ескі сарынын қайталамайды, уақыт өзгерген сайын, заман жаңарған сайын құлшына түсіп жаңа нысана жолында емін-еркін шабыттана береді. Ақын:

    «Өмірдің жақсы бүгіні,

    Ескі өшсе, жанар жаңа бар.

    Адастырмаңдар ініні,

    Алдымда жүрген ағалар» [15, Б.163]...

    десе аз сөзге жүгі ауыр мән, мағына сыйғызған. «Қырық жыл жұмақтан бір күндік өмір артық» дегендей ақыл кімге де болса бүгінгінің жақсылығын уағыздайды. Тұманбай ақынның: «Ескі өшсе, жанар жаңа бар» - деп 1980-ші жылдарда жазған өлеңін оқығанда оның өз бағытынан, өз ұстанымынан жаңылмағаны көрініп тұр. Ол осы айтылған тамаша тұжырымға ақындық, азаматтық, кісілік өрелерінің шырқау  шағында жетті. Бұрынғы жастарға бағытталған махаббат лирикасының ақыны болып қала бермеді, ойшылдыққа бой ұрды, кемелдікке көш тартты. Өзінің көктемнің гүлді шуағындай лирикасына ой толғағын қосып ұсынғаны жаңа азаматтық белеске көтерді. Осының бәрі де оңайлықпен келген жоқ, тынымсыз еңбектің миуасы демекпіз.

    «Момынмын жас қозыдай, жас бұзаудай,

    Қылық жоқ қимылымда бас бұзардай.

    Басқа емес, өмірімді сен білесің,

    Өмірім - тәтті армандай, ащы зардай» -  [15, Б.165]...

    деп, «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» — деп Қасым Аманжолов ағамыз     айтқандай ақын да бір шумақ өлеңімен өз жанының сезімтал түкпіріне бізді терең үңілдіріп отыр. Қазақ тарлан тарихтың талай қиянкескі, қанды табан шұбырынды тауқыметін кешсе де, біреудің жерін басып алуға ұмтылмады, қайран  бабаларымыз соншама жерді сойылмен қорғап қалды. Сөйте тұра қой аузынан шөп алмайтын, жылқы мінез, қаз дауысты қалпында қала берді. Тұманбай ақын да солай: «тәтті арманына жету жолында шеккен ащы зары да аз емес. Оған мойынсынбай ақындық ана сүтімен бойына сіңген асыл дарынын сәтті ағында дамыта түсті, мойымады, берілмеді, жеңілмеді, жеңіске жетті.

    Тынымсыз еңбегі мен сарқылмас шабыты, азаматтың  ізгі арманы, мейірбан мінезінің арқасында ол еліміздің ең сүйікті ақындарының бірегейі болып отыр.

    «Бәріне болдым төзімді,

    Төзімсіз болсаң төнер бұлт.

    Кешегі айтқан сезіңді,

    Бүгінде айтсаң сол қорлық» - [15, Б.15]...

    десе, «Төзімсіз болсаң төнер бұлт» - деп ұлағатты ұлы сөзге жеткенін анғартады. Ол бұл ой түйініне өзі шеккен өмірдің өзегімен өрледі. Жас кезінен бастап бүгінгі   - үлкен ақынымыздың бойында мөлдір мақсат, қанатты арман ұялады. Ақынның ішкі қуат-күші өжеттік пен табиғи тамаша дарынынан, төзімтал мінезінен сусындады, сонымен бірге алдына анық мақсат қойып, сол нұрлы жолдан тайдырмады. Ол сұлулыққа — құштар, ізгілікке - іңкәр бағыттың талабымен тұрақты достық тапты, айнымас жар тапты.

     «Бүгін өзің тәкаппарсың талғам көп, 

    Айтылмаған арман сөздер қалған жоқ.

    Ойлы көзің тұтқындады Тұмашты,

    Сол түрмеде өлсем шіркін арман жоқ» [15, Б.16]....

    Махаббаты маздаған жан жарының қарақат көздерінің түрмесі әрине, «ішінде абақтының біз жатамыз, көңілді құмарлықпен жұбатамыз» - деп  Мәди атамыз айтқан жағдайда емес, «көз тұтқынының» махаббат азапшысының жан сыры өзгеше шықты, оның көптеген өлеңдеріне ән оралды. Соғыс жылғы әкесіз өскен баланың мұңы сіңген қаяу көңіл, нұры жанып «Ғашығлық тұтқынында» жүргенде де сыршыл назын сиқыр сазға шебер ұштастырды.

    Барлық ақындар сияқты, Тұманбай ақынның өмірі де - оның өлеңдерінде. Ақынның өлеңдері көбінесе қазақтың рухани намысын көтеретін ұлттық рухты бейнелейтін поэзия. Оның туған ауылы, өскен ортасы, көрген өмірі, Отан, ел, адам сүю сезімдерінің қалыптасуы жайлы мәліметтерді ақын шығармалары бізге толығырақ береді. Оның лирикалық қаһарманы балалығын соғыстың ауыр кезінде өткізген, содан жанына ұмытылмас жара түскен (әке өлімі, жоқшылық, жетімдік сезімдер) жас адамның көңіл күйін бейнелейді. Өмір сүйгіш ақ көңіл жастың бойындағы жұмсақ мұң да, ойлы сезімталдық та содан туады. Жаны жайсаң адамдар алақанында, Алатаудың сұлу табиғаты құшағында өскен жастың әсемдікке, сұлулыққа табыну сезімдері де қалай туғанын аңғару қиын емес. Осының бәрі кейін ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбына айналады. Ол адамды, оның қилы-қилы тағдырын, жастықты, туған жерін талмай жырлады.

    Информация о работе Өлең - сөздің анасы (лирика туралы)