Ақыл – ой процестері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Ноября 2012 в 16:14, реферат

Краткое описание

Ақыл – ой процестеріне ойлау, сөйлеу, қиял, елес, ес, зейін, түйсік, қабылдау, эмоция, сезімдер, ерік, темперамент, мінез, қабілет, тұлға, қарым – қатынас, іс –әрекет т.б. психологиялық үрдістер жатады. Мен солардың алғашқы бесеуіне тоқталып өтсем, яғни ойлау, сөйлеу, қиял, елес, ес үрдістеріне.

Вложенные файлы: 1 файл

Ақыл-ой реферат. психология.doc

— 191.50 Кб (Скачать файл)

Ақыл – ой процестеріне ойлау, сөйлеу, қиял, елес, ес, зейін, түйсік, қабылдау, эмоция, сезімдер, ерік, темперамент, мінез, қабілет, тұлға, қарым – қатынас, іс –әрекет т.б. психологиялық үрдістер жатады. Мен солардың алғашқы бесеуіне тоқталып өтсем, яғни ойлау, сөйлеу, қиял, елес, ес үрдістеріне.

    1. Ойлау және сөйлеу

Ойлаудың  адам дүниетанымындағы маңызы

Адамның өз өмір тірішілігі мен күнделікті іс –  әрекетінде әр алуан мәселелерді  шешіп отыруына тура келеді. Осындай  мәселелермен күрделі істерді шешу жолында кездесіп отыратын қиыншылықтар қоршаған ортамызда бізге әлі де беймәлім құбылыстар мен сыры ашылмаған нәрселердің көп екендігін көрсетеді. Соған орай, біз дүниенің сыр – сипатын ұғыну үшін заттар мен құбылыстардың өзара қатыныстарының құпиясын тереңірек білуді, оларды ашып көрсетуді мақсат етеміз. Міне, осындай мақсат – мүдделерге жету жолында әрбір адам өзінің іс – әрекетінде заттар мен құбылыстардың белгісіз қасиеттерін, тәжірибесі мен білімінің, шама – шарқының жеткіліксіздігін аңғарады. Өйткені, әлем шексіз, соған орай дүниені танып білу да шексіз. Адамның ойы сол шексіз әлемдегі нәрселердің сырын, құпиясын білуге бағытталады. Әрбір адам ойланып – толғанғанда өзіне беймәлім нәрселердің сырын ашып, жаңалықты біледі. Мысалы, оқушы оқу материалының мәнін түсініп, есеп шығаратын болса – мұның өзі оған жаңалық ашқандай болып көрінеді.

Сонымен, ойлау  дегеніміз – әлеуметтік жағдаймен  ұштасқан, тілімен тығыз байланысты психикалық үрдіс, сол арқылы болмыстың, дүниедегі нәрселердің жалпы  және жанама бейнеленуі. Бұл бейнелену адам ойының талдау және біріктіру әрекеттері арқылы танылады. Бір сөзбен айтқанда, ойлау – сыртқы дүниедегі болмыстың жалпы жанама жолмен біздің санамыздағы ең биік сатыдағы бейнесі. Ойлау адамның өмір тәжірибесі мен прақтикалық іс – әрекеттері нәтижесінде пайда болып, тікелей сезім үрдісінің шеңберінен әлдеқайда асып түседі.

Ойлаудың  сезімдік таныммен және тілмен байланысы

Дүниетану тікелей  сезімдік үрдістер – түйсіну, қабылдау, пайымдаудан басталып, одан әрі ойлауға  қарай өрбиді. Таным үрдістерінің барлығы да тікелей сезімдік үрдістер – түйсіну, қабылдау, елестетумен байланысты. Елес – заттардың нақты бейнесін көз алдымызға келтіретін тікелей таным үрдісі – сезімдік танымнан абстрактылы ойға көшу аралығындағы көпір сияқты. Адамдардың сыртқы дүниені танып білуінің шындығы және оның санамыздағы бейнеленуінің теңдігі мен ақиқаттығы тәжірибесі, сондай – ақ, адамдардың табиғат пен қоғамға ықпал етіп, оларды өзгерту жолындағы іс – әрекетінің нәтижелері арқылы тексеріліп отырады. Тікелей сезімдік үрдістер барысында адам нәрселер мен құбылыстардың дара қасиеттерін, сол қасиеттердің жиынтығы арқылы нәрселердің тұтастығын бейнелейді, көз алдында жоқ заттың да бейнесін елестетеді. Дегенмен, адам тікелей сезім арқылы танып білген нәрселердің белгі қасиеттері мен мән – жайын терең бойлап, жете танып біле алмайды. Мұндай ерекшеліктерді білу тек ойлау және де заттар мен құбылыстардың өзара байланыстарын, бір тектес нәрселердің жалпылық белгілерін дерексіздендіру арқылы жанама жолмен жүзеге асырылады. Мысалы, заттардың, әсер еткен нәрселердің жылылығын, оның температурасын тек жанама әдіспен, термометр арқылы ғана анықтауға болады. Ал ондай жылылықты тері түйсігі арқылы не қолмен сипап анықтау оңайға түспейді.

Ойлау арқылы танып  білу тікелей сезімдік үрдістерге негізделінгенімен, олардың көптеген ерекшеліктерін тікелей сезім арқылы тану мүмкін емес және олардың мән – жайы айқын бейнеленбейді. Мысалы, осы заманғы физика ғылымдағы аса күрделі мәселелердің бірі – өте ұсақ қарапайым бөлшектер жайындағы теория. Мұндай өте майда типті, жай көзге көрінбейтін бөлшектерді микроскоппен де көре қою қиын. Біз осы бөліктерді тек ойлау арқылы ғана пайымдап білеміз. Абстрактылы дерексіз және жанама ойлану нәтижесінде сондай өте ұсақ бөліктердің бар екендігіне көз жеткіземіз, олардың өзіндік қасиеттері болатындығын аңғарамыз.

Сөйтіп, тікелей  танып үрдісі арқылы танып білуге болмайтын нәрселерді ойлау арқылы біле аламыз. Ойлаудың өрісі кең. Түйсіну  арқылы қозғалыс жылдамдығын қамту  мүмкін емес. Мысалы, бір секундте 300000 км шапшаңдықпен таралатын жарық қозғалысын түйсіну арқылы қамту мүмкін болса да, ой арқылы пайымдап түсінуге болады. Біз 1 секундта 50000 км шапшаңдықпен ұшатын планета аралық ғарыш кемесін ойлау арқылы түсіне аламыз, өйткені, ол жарық жылдамдығынан 6 есе кем. Ал мұндай шапшыңдықты, әрине, елестету арқылы білу мүмкін емес. Әрбр адамның шындықты танып білуі тікелей сезім мен ойлау арқылы бір – біріне ауысып, өзара байланысты түрде адам танымын толықтырып отырады. Осы ретте де біз ойлаудың нақты нәрседен абстрактылы нәрсеге ауысқанда ақиқаттан аыстамай, қайта оған жақындай түсетінін аңғарамыз. Сөйтіп, нақты пайымдаудан абстрактылы ойлауға, одан тәжірибеге көшіп отыру ақиқатты танып білудің диалектикалық жолы болып табылады.

Ойлау және сөйлеу. Адамның ойлау әрекеті тікелей сезімдік таным үрдістерімен ғана емес тілмен де, сөйлеумен де тығыз байланысты. Осындай ерекшелік адам психикасының жануарлар психикасынан сапалық өзгешелігін көрсетеді. Жануарлардың қарапайым ойы нақтылы әрекетке байланысты, ол жанама, абстрактылы ой бола алмайды.

Адам сөйлеу, дыбысты тіл нәтижесінде нәрселер мен құбылыстардың мәнді, тұрақты  белгілерін ой арқылы бейнелей алады. Бұл ретте тіл – адам ойының заттық қабыршағы болып табылады. Адамның ойы әрбір нәрсенің сипаты мен қасиеттерін сөз арқылы ажыратып көрсете алады. Сөйтіп заттар мен құбылыстарды әртарапты танып білуге мүмкіндік туады.

Адам тілдік материалдар негізінде ойланады. Өз ой – пікірлерінің жүйесін, нәрселер жайындағы нақты түсініктерін жасайды. Әрбір ойдың ақиқаттығы ой талқысы  мен арқылы қарастырылады. Адам ойының жүйелі болып, оның нәрселердің мәнін түсініп білуі сөйлеу арқылы жүзеге асып, өзгелерге жеткізіледі. Адамның ойы тілмен, анық сөйлеумен тығыз байланысты және ойлау осы тілдік материал арқылы өзінің шындығы мен ақиқаттығын бейнелей алады.

Ойлаудың қоғамдық мәні. Ойлаудың тілмен тығыз байланысты болуы және оның қоғамдық мәні адам ойлауы дамуының қоғамдық – тарихи сипатта болатындығын көрсетеді. Адамның  дүниетанымы, білімі және өмір тәжірибесінен  жинақтаған мағлұматтары ұрпақтан –  ұрпаққа мұра болып ауысып отырады. Бұл – тарихи фактор. Адам ақыл – ойының дамып жетілуі мен білімнің өсуі әрбір ұрпақ жасаған білім қорын меңгеріп, оларды әлеуметтік өмір қажеттіліктерін қанағаттандырып отыруға пайдаланады. Сөйтіп, тарихи даму адам баласының қоғам өміріндегі қарым – қатынасын нығайтады.

Ойлау үрдісінің психологиялық және логикалық  негіздері

Адамның дүниетанымы  қоғамдық – тарихи даму нәтижесінде  өрістейді. Ол табиғатқа әсер етіп, қоғамды өзінің белсенді әрекетімен байытады. Сөйтіп адамзаттың ғылыми білімі дамып, белгілі бір жүйеге түседі. Басқаша айтқанда, адамдардың танып білу үрдісінде тіл арқылы жинақталып қорытылған білімі мен оның нәтижелері жүйеленіп, ғылым салаларына бөлінеді. Мысалы, физика, химия, биология, тарих, социология, психология т.б. Танымдық үрдістердің осы тарихи дамуы және олардың ғылым жүйелеріне жіктеліп бөлінуі дүниетану теориясын немесе гносеологияны құрайды. Гносеология – философия мен логиканың дүниетану теориясын құрайтын құрамдас бөлігі, танып білудің теориялық негізі.

Таным теориясы – гносеология –философиялық пән. Ол дүниетанудың жалпы заңдылықтарын зерттейді. Адамзат тарихиның дамуында қалыптасқан “болмыс”, “материя”, “сана”, “сан”, “тартылыс” тәріздес басқа да ұғымы кең дәрежеде қарастырылады. Осындай таным теориясы мен философиялық принциптерге негізделетін ойлау үрдісі өзара байланысты және бір – бірін толықтырып отыратын жеке ғылыми пәндер – формалдық логика мен психология арқылы да зерттеледі.

Логика ғылыми ойлаудың формаларын, ұғымдар мен  пікірлерді, ой қорытындыларын және ойлау заңдарын зерттейді.

Ұғым – болмысты нәрселер мен құбылыстардың жалпы, мәнді және өзіндік белгі – қасиеттерін бейнелейтін ойлау формасы. Мысалы, “адам” деген ұғымның мәні оның өндіріс құралын жасап шығаратын қабілеті бар, дыбысты тіл арқылы сөйлесетін ақыл иесі екендігін білдіреді. Ал “емтихан” деген ұғымның мәнісі – оқушылардың, студенттердің білім деңгейін анықтап, олардың дәрежесін тиісі белгілермен анықтайтын оқу үрдісі. Ұғымдардың мазмұны пікірлер арқылы ашылады. Мұнда нәрсе мен оның қасиет – белгілері арасындағы байланыстар ашып көрсетіледі. Пікірлер екі түрлі тәсілмен құралады: а) тікелей қабылдау арқылы құралатын пікірлер. Мысалы, мына бала сабақты нашар даярлады. ә) жанама жолмен не ой қорытындысы, ой талқысы арқылы жасалатын пікірлер. Логика ғылымында пікірлер бұдан басқа да негіздерге сүйене отырып, түрлі – түрлі болып бөлінеді.

Ой қорытындылары  бойынша алғышарттар негізінде  ұғымдар мен пікірлердің байланысынан жаңа пікірлер аламыз не ой қорытындысын шығарамыз. Мәселен, үлкен алғышарт: Барлық металдар электр тогын өткізеді; кіші алғышарт: сынап та – металл. Қорытынды: олай болса, сынап та электр тогын өткізеді. Ой қорытындыларының мынандай үш түрін ажыратамыз: дедукциялық ой қорытындысы, оған металдардың электр тогын өткізетіні туралы жоғарыдағы мысалды келтіруге болады. “Дедукция” – латын сөзі, қазақша мағынасы – шығару. Ой қорытындысының бұл түрі бойынша ой жүйесі жалпы жағдайдан жеке, дара жағдайға қара өрбиді. Индукциялық ой қорытындысы – ой қорытындысының жекеден жалпыға қарай дамып отырған түрі. Ой қорытындысының үшінші түрі – традукция деп аталады. Оған аналогия арқылы жасалатын ой қорытындылары жатады. Бұл – дара жағдайдан жекеге қарай өрбіп отыратын ой қорытындысы. Дедукциялық ой қорытындысының кең тараған түрі – силлогизм. Формальдық логикада зерттелетін мәселелер – дұрыс ойлаудың формалары мен заңдарды қолдана отырып, нәрселер мен құбылыстардың ақиқаттығы мен шындығын танып білуді мақсат етеді.

Ойлау әрекетінің ерекше мәнді тағы бір жағы бар. Ол – ойлау үрдісінің өзі. Психология ғылымы әрбір дара адамда осы ойлау үрдісінің қалайша дамып, өрістеп отыратынын зерттейді. Оқыту үрдісінде ойлаудың дамуы, білімдерді ойлау әрекеттері арқылы меңгеру, ойын, оқу, еңбек үрдістерінде ойлауды дамыту мәселелері – психология ғылымы қарастыратын жайттар. Әрбір жеке адамда ойлау үрдісі қалайша пайда болып, дамып жетіледі деген мәселенің мән –жайы психологияда осы бағытта қарастырылады. Ал логика ойлауды таным үрдісі деп санап, шындықты, ақиқатты әр түрлі әдістер арқылы танып, білуге болатындығын анықтауды көздейді. Қорыта айтқанда, логика – ойлаудың жемісті болу жолдарын іздестірсе, психология – сол үрдістің даму заңдылықтарын зерттейді.

Ойлау – дербес үрдіс. Ойлауды психологиялық тұрғыдан зерттеу дегеніміз – оның ішкі, танымдық құпия мәнін және жемісті болуының себебін ашып көрсету, яғни психология детерминизм принципіне сүйене отырып ойлаудың мәнін зерттейді, әрбір адамның өзіндік ойлау ерекшеліктерін дамытып отыруға баса мән береді.

Ой  үрдісі мен ойлау әрекеттері

Ойлау үрдісінде  талдау мен біріктіру әрекеттері болады. Талдау дегеніміз – ой арқылы әрбір объекті мен болмыстың ерекшеліктерін, қасиеттерін, белгілерін ашып көрсету тәсілі. Талдау нәтижесінде айқындалған белгілер мен қасиеттер біріктіру (синтез) деп аталады. Талдаудың физиологиялық негізі – мидың жоғары бөлігіндегі қозу мен тежелудің өзара байланысты қызметі. Ал біріктірудің физиологиялық негізі – мидың жүйке жүйесіндегі уақытша байланыстардың түйісіп қосылуы. Талдау мен біріктіру – өзара байланысты әрекеттер. Олардың өзара байланысы мен айырмашылығы салыстыру арқылы танылады және сол тәсілден анық көрінеді. Салыстыру тәсілі жалпылау әрекетіне қарай ойысады. Мұнда заттардың жалпылық және мәнді белгілері ашып көрсетіледі. Ойлау әрекетінде абстракциялау, нақтылау, жүйелеу тәсілдері де жиі қолданылады. Ондай тәсілдер белгілі мәселелердің түйінін шешуде адамның психологиялық толғаныстарының түр сипатын бейнелейді.

Ойлау әрекетіндегі әр қилы тәсілдер мен амалдардың бәрі де жеке адамның ниет – тілегіне, мұқтаждығы мен қажеттілігіне тәуелді  болып отырады. Ойлаудың кез келген әрекетінің туындауы белгілі бір ынта – ниетке байланысты. Психологияда ойлаудағы ниеттің пайда болу себебінің мынандай екі түрі бар: 1. Арнайы танымдық ойлау. Әдетте, бұл белгілі тілек мақсатқа сәйкес пайда болады. 2. Арнаусыз ой. Ойлаудың бұл түрі сыртқы жағдайдың әсеріне орай туады. Мысалы, оқушының сабаққа дайындалуы жайында ойлануын арнаусыз, әрі оның өміріндегі үйреншікті, дағдылы ой деуге болады.

Ойлау және мәселені шешу. Адам белгілі бір мәселенің түйінін шешу барысында түрлі амал – тәсілдерді қолданып, алға қойған мақсат – міндеттерін орындап шығу үшін ойланып – толғанады. Ойлаудың бұл түрі міндет – мақсатқа сәйкес жүзеге асады.

Проблемалық ой – түрлі мақсат – міндеттерді  шешуде шиеленісті жағдайларды сезіп біліп, олардың мән – мағынасын түсінуді қажет етеді. Сөйтіп неше түрлі шиеленісті жайттардың белгілі себептермен байланысын, олардың құпия сырларын ашып көрсетуді көздейді. Ойлау әрекетінде ең әуелі сол мәселенің өзін анықтап алу – бірінші кезектегі міндет. Екіншіден, мұны анықтауға адамның білімі мен өмірлік тәжірибесі қажет. Үшіншіден, оқу барысында балалар өздігінен ойланып – толғанып, келелі мәселелерді шешуде әр алуан қиындықтарға кездеседі. Олардың бұл кедергілерді жеңуі – ойлану әрекетінде жаңалық ашумен бірдей.

Ойлаудың  түрлері және оның даралық ерекшеліктері

Біріншіден, ойлаудың түрі нақтылы іс – әрекет пен  қимыл – қозғалыс жайындағы практикалық  іспен ұштасқан. Бөбектердің ойы  осы іс – әрекеттермен байланысты. Екінші, бейнелі ойлау мектеп жасына дейінгі балаларда қарқынды дамып, олардың заттарды ұстап – тұтынуы нәтижесінде қалыптасады. Олар сол заттардың бейнесін көрнекі түрде қабылдап отырады. Үшінші, абстрактылы ой. Ойлаудың бұл түрі бойынша адамның ұғымды меңгеруі нәтижесінде пайымдау әрекеттері дамып, ғылыми түсініктері өрістейді.

Ойлаудың даралық  ерекшеліктері адамның танып  білуінің сапалық сипаттары мен  ерекшеліктерін қамтитын ақыл – ойдың қызметі болып саналады. Ондай салаларға өз бетінше ойлау, оның орамдылығы, ойдың тездігі мен ұшқырлығы сияқты қасиеттер жатады. Барлық ойлау әрекетіне тән басты қасиет – дара адамның әрбір нәрсенің мәнді қасиеттерін өздігінен ажыратып, олардан жаңа қорытындылар жасай білуі. Ойлау әрекетіндегі адамның мұндай сапалық қасиеті – нәрселердің мән – жайын дұрыс ұғынып, олардың жалпы заңдылықтары мен өзара байланысын ашып беруге қабілетті болатындығы. Мұндай әрекет ойлау жүйесін жетілдіріп, адамның ақыл – ойын өрістетеді. Адам ойлауының дамуына ықпал етуге бір мақсат – ойлау әрекетінің жасампаздық қасиетін арттыру, сөйтіп, адам ойының мүмкіндіктерін толық пайдалануды жүзеге асыру болып табылады.

Информация о работе Ақыл – ой процестері