Қазақ философиясы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Ноября 2015 в 11:52, реферат

Краткое описание

Қазақ Философиясы – қоғамдық сананың ұлттық түрі; тұрмыс пен танымның ортақ принциптері, адам мен дүние жүзінің қатынасы туралы ілім, табиғаттың, қоғамның және дүниетанымның жалпы даму заңдары жайындағы ғылым. Қазақ халқының даналық өрісінде дүние мен адам туралы дүниетанымдық көзқарастардың тарихи қалыптасқан даму жүйесін қамтиды. Қазақ тіліндегі даналық түсінігі мәні жағынан философияға жақын. Қазақтың даналық ой-пікірлерінің тарихы екі кезеңнен тұрады.

Вложенные файлы: 1 файл

философия.docx

— 442.46 Кб (Скачать файл)

Уақыттың ең бірінші бағдары ауа райы болды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезі - қыстың соңғы күндерінен соң көктемгі алғашқы көкке ілігу мен қайта түлеу, өзгеріс әкеледі. Көктемгі күн мен түннің теңелуімен Жаңа жыл - Наурыз келді. Осыдан барып „шөптің көгі ” уақыттың объективті критериі болып табылады. Бұл көктемгі-күзгі науқанға, қыстаудан жайлауға шығу, осы көш жолындағы көктемгі және күзгі маусымға байланысты әртүрлі мейрамдардың тууына негіз болды. Қазақтың ата тегіндегі көктем мен жазда түстіктен терістікке көшу және күздегі терістіктен оңтүстікке бағытталған ендікті бойлай көшудің басым болуы осы ұзақ қашықтықты өз уақытында жүріп өту үшін уақыттық өлшемдері болғандығын көрсетеді. Бұл көш жолдар мыңдаған шақырым, тіпті одан да ұзаққа созылатын-ды.

Алғашқы түріктер жайлы сөз еткен Иакинф былай деп атап көрсетті: „Көктемде немесе жазда қаза болғандарды өсімдіктердің, ағаштың жапырақтары түсе бастағанда жерлейді, күзде немесе қыста қаза болғандарды гүл қауызын жара бастағанда жерлейді” (Собрание сведений. Т.1. 230-бет). Бұл жерде түріктер мезгіл теңдігін мүлдем білмейді, ал мезгіл ауысуын көктің шығуынан байқайды. Тіптен қазіргі қазақ күнтізбесінде уақытты табиғи тұрғыдан түсіну көрініс тапты. Бұл күнтізбе сол дәуір үшін ұлы құбылыс болды, өйткені уақытты рудың, тайпаның немесе жанұяның өмірінде болған оқиғаларға байланысты емес, жыл мезгілдерімен салыстырды. „Шілде” (июль) айы жылдың ыстық айы ретінде белгілі болса, „желтоқсан” (декабрь) оған мүлдем қарама-қарсы, ал бұлардың мағынасы аптап пен қарлы боранды білдіреді. Көк шығар - „көкек”, молшылық - „мамыр”, жаңбырлы - „тамыз”, үсік жүретін - „қыркүйек” айларының атауы жайлы да осыны айтуға болады.

Осыдан кейін Шығыста қабылданған он екілік санаққа орай он екі жылдық өлшем қалыптасты. Мұның өзі кейбір рухани мистикалық бастауларды ұстанды. Мәселен, жылан жылы бақытсыздық жылы болып саналды, өйткені әдетте он екі жыл сайын осы жылы жұт келеді. Жылқы мен қой жылдары бақытты болып саналады, әдетте бұл жылдары мал қоңды, халық тоқ болды. Түнгі аспанға көз салған көшпенділер көк күмбезінде сексен сегіз шоқжұлдызды белгіледі. Олар ерекше мәнге ие болды. Өйткені аспан жарты шар ретінде көз көрім әлемді жауып тұрушы және жұлдыздар қозғалысы төменгі әлемге байланысты, оған елеулі ықпал етеді деп санады. Егер бірінші он екі айдан тұратын жылдық циклге көңіл аударар болсақ, олар белгілі бір шоқжұлдыздарға сай құрылды. Уақытты одан әрі түсіну он екі жылдық циклге алып келді оған тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз енеді.

Таза көшпенділіктің өзіндік уақыттық циклі болды. Бұл белгілі бір дала ареалы бойынша оның қозғалыс ырғағына байланысты. Бұл цикл үш жүз жылдықпен саналады.

Ал ол Оңтүстік- Сібір ойпатының солтүстікте Тянь- Шань, Памир тауларына, оңтүстігінде Сары теңізден Қара теңізге дейінгі аридтік аймақтың ылғалдануына немесе құрғақшылыққа ұшырауына байланысты болды. Уақыт циклінің белгілі аумақтағы айқын тездігі нәтижесінде көшпенділер басқа мекен жайға үш жүз жылдан кейін ауысуы керек болды. Бұл қазақтың арғы аталарының бірі, әсіресе, ғұндарда анық көрінеді. Л.Н.Гумилев былай деп жазды: „біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларда ғұндар Иньшань жоталарында тұрды. Ол таулар орман, шалғынға бай болғандықтан аң-құсы да мол, ғұндар Иньшаньнан айрылғанда оның жанынан өтіп бара жатып жылады”. (Истоки ритма кочевой культуры Среднеи Азии //Народы Азии и Африки. 1966, N4, 89-бет), ал олар оны тура үш жүз жылдан соң біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырда жоғалтты, өйткені өте қатты қыс басталды, құрғақшылыққа ұшырады, мал жұтқа ұшырады: „Ғұндар тарихы үшін бұл ауыр соққы болды - ғұн державасы құлады”.

Көшпенділер бір жерде 300 жылдан артық өмір сүре алмады. Олардың уақыттық циклінің айналым шегі де осы. Бұл шек жайылымның тозуы, таптаурын болуы, күйіп кетуімен ғана байланысты емес, далада үнемі болатын ылғалдылық немесе құрғақшылық процестеріне де байланысты еді. Л.Н. Гумилев көрсеткен үш жүз жылдық уақыт кезеңдері көші-қон аридтілігінің дәрежесіне тәуелді таза көшпенді қауымдастықтар белгілі бір аймақта ұзақ уақыт бойы өмір сүре алмайды, олар физикалық-жағрапиялық заңдылықтарға тәуелді, сондықтан да „мәңгі кезбелік ” өмір сүруге немесе жартылай көшпелі мал өсіру кәсібіне ауысуға мәжбүр болды. Бұдан шығар қорытынды жартылай көшпелі мал өсірудің „таза” көшпенділіктен артықшылығы экономикалық себептерден туындайды.

Ежелгі түріктер және қазақтың ата тегі осылайша өзінің табиғатпен етене жақындығының және ұқсастығының арқасында табиғат құбылыстарының күнтізбесін - фенологиялық календарды қолданды. Бұл қазақтың ата тегінің этнос ретінде, табиғатты біртұтас және өзіне өте жақын деп танығандығын көрсетеді. Дәл осының өзі халық - адам - табиғат қатынасын мейлінше толық және адекватты көрсететін болмыс қисыны.   „Этнос, - деп жазды Л.Н.Гумилев, - табиғат құбылысы, ол әлеуметтік институттар формасына ауысып отырады және әрбір жеке жағдайда: тіл, дәстүр, идеология, материалдық мәдениет және т.б. сияқты индикаторлар арқылы айқындалады”.

Шаруашылық қызметтің өсуі циклдік күнтізбеге көшуге мәжбүр етті. Оның құрамына жеті күндік апта, төрт апталық ай, он екі айлық жыл және он екі жылдық мүшел циклдары кірді. Бір цикл айналымына сыймайтын оқиғаларға уақыттың „тірі хронология” стилі қолданылды.

Түрік қағанатының құрылуымен ұзақ жыл санау әдісіне көшті, бұл атау түріктердің тіршілік кеңістігінің ұлғаюына, батысқа және шығысқа бағытталған экспансиясының артуына байланысты болды. Ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың бірігуі, түріктенуі мен бірегей шаруашылық түріне көшуі іргелес халықтармен бір уақыт ұғымында болудың қажеттілігін туғызды, өйткені экономикалық, мәдени және тілдік қауымдастығы тез дами бастаған еді.

Солай бола тұрса да, қазақтардың табиғатқа етенелілігі сол уақытта да, қазірде де бар „Қобыланды”эпосында былай делінген:

„... Көлден ұшқан қаз деймін Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін...”

„Еңбекші қазақ”газеті 1925 жылы былай деп жазды: „Қыс кетті, қар еріді, ежелден келе жатқан наурыз құтты болсын”. Қырық күнге созылатын аптап шілде айы парсының „чилла” - қырық деген сөзнен шықты. Бұл қазақтың ата тегінің диқандық кәсібіне де байланысты, қазан айының атауы дәнді дақылдар мен жеміс-жидекті жинап алуға байланысты болды.

Біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда құрылған ғұн империясы, одан кейінгі көне түрік империясы этникалық Евразия аумағында түзулік есептеу жүйесін қолданды, ол әскери, көшпенді және экономикалық экспансияның мерзімін белгілеуге, Қытай, Иран, Византия, Манчжуриядан Қара теңізге дейінгі шекарадағы оқиғаларды тіркеуге қолданылды. Бірақ осы ұланғайыр аймақта әлемдік ойкумен уақытынан басқа да тікелей шаруашылық мүдделерден туындаған есептеу жүйелері пайдаланылды. Бұл ойкумен уақыты аса белсенді түрде XV ғасырдан бастап қана қолданыла бастағандығы құпия емес. Ал бұған дейін барлық жерде әртүрлі патшалықтарға, олимпиядаларға, „әлем жартылғаннан” кейінгі (б.д.д. 5508 жылғы 1 қыркүйек), Селеквид дәуірімен, Йездигерд дәуірімен байланысты санақ қолданылды. 532 жылы монах Дионисий Малый Христос туған күнінен (754 жылы Рим құрылған күннен) бастауға ұсыныс жасады. Ал арабтар өз жыл санауларын Мұхамедтің Меккеден Мәдинеге қашуынан - (хиджрадан) 622 жылдан бастады.

Бірақ бұдан кейін де жыл санаудың әртүрлі жүйелері болды. Әсіресе Испанияда (біздің дәуірімізге дейінгі 38 ж.) және Рим империясында (Диоклетиан дәуірі) көбірек

сақталды, әйткенмен мұның барлығы халықтардың ұлы қоныс аударуы нәтижесінде бұзылды. Сондықтан да уақыт ұғымы әрқашан функционалдық болды, ол шаруашылық пен экономика, мэдениет, өнер салаларының қолма-қол қажеттіліктеріне қызмет етеді. Біздің планетамыз жаратылғаннан бері 4,5 млрд.жыл өткендігін, ал алғашқы тірі клетка 3,5 млрд. жыл, жазу 4 мың жыл бұрын пайда болғанын еске алсақ, бұл нешінші жылдар деген сұрақ туындайды. Бұдан келіп шығатын қорытынды қазақтың ата тегінің даму үстіндегі уақыт ұғымы болмыс пен тікелей қатысты құбылыстан, сезімдік нақтылықтан шығып, эволюция барысында фенелогиялық және циклдік сападағы кезеңдерге, „тірі хронологияға” және одан әрі ұзақ жыл санау жүйесіне өткеніне қарамастан өз бойларында нақты болмысқа тән қасиетін сақтап қалды. Санасыз инстинкттердің немесе саналы импульстердің, бұлардың екеуі де бірден пайда болады, серпінді формалары түрінде қалады. Мұның өзі тарих барысында айтарлықтай өзгеретін, бірақ ешқашан базистік ядросын жоғалтпайтын архетип немесе оның көрінісі ретінде бағалауға негіз болады. Уақытты бұлай түсіну арқасында ол образды және эмоционалды сипатқа ие болады, бұл оның сезімдік нақтылыққа жақын екендігін білдіреді.

Кеңістік сандық өлшем ретінде өз шамасын талап етеді. Көшпенді ауылдың жүріп өтетін жолының қашықтығы ауылдағы әлсіз қарттар мен бала-шаға, әйелдердің сол жолға шыдау мүмкіндігі ескеріле отырып белгіленеді. Ал көш жолдары жақын болмағандығы белгілі. Өлшем саласына жататын мөлшер ұғымы ежелгі түріктерде екі мәнге ие болды. Кеңістіктің бірінші өлшемі әлсіздердің шамасын ескерген күндізгі көш. Сонымен қатар байлық мөлшері жылқы санымен өлшенді, бұрын айтылғандай, мал иесінің байлығы осыдан көрінді. Бұл көзқарасты одан әрі дамыту көш үшін, егіншілік, бау-бақша үшін үлкен кеңістік қажет болғанын көрсетеді. Мал байлық өлшемі бола отырып, оны ұстау үшін үлкен аумақ қажет болды. Егер бір малды бағу үшін 8-10 гектар табиғи жайылым қажет болса, онда 4-5 мың жылқыға 30-50 мың гектар жайылым қажет, мұның өзі жер-суды мейлінше көп басып алуды талап етті.

Бұл тұрғыда қазақтың ата тегінде мөлшер - сапа ұғымын алдын ала қолдану негізінде сан категориясының жалғасы болып табылады. Бұл жайлы жоғарыда айтылды. Іс жүзінде мөлшер ұғымының ішінде дәл сол сан категориясының өзі аяқталады. Әйтсе де, Гегель бойынша, мөлшер - сапалы сан немесе олардың қосындысы. Барлық адамдарда әрқилы тіршілік мөлшері болды, бұл қазақтың ата тегінің мөлшер түсінігі көрінісінен хабар береді. Ауқатты және бай адамдар үшін көшу кеңістігі 1000 шақырымға дейін созылды. Олар жылқыларын рулық таңбаларымен таңбалап алып, алыс, қиындығы мол, қызық, думанға толы жолға аттанды. Бұл уақытта кейбір кедейлер жатақтарға айналды. Бақша салып, қыстақ күзетіп, бақша қорыған қарақшының кебін киді. Мұның өзі айқын мүліктік теңсіздікті көрсетеді. Жеке меншіктің дамуы мөлшердің парцелизациялануына алып келді, мұны үйсін қоғамында металл және тас мөрлердің болғандығы көрсетеді. Ол жерді жеке меншіктеуден бас тартты. Бұл қазіргі Қазақстан парламентіндегі қызу тартысты еріксіз еске түсіреді және сонымен қатар тарихта алғаш рет мал мен қозғалмалы мүлікке жеке меншіктік енгізді. Ал мұның өзі байлық өлшемі болған мөлшер жайынан хабар береді.

Бұл жерде мөлшер ұғымының құрамдас бөліктерге жіктелуі көрінеді. Егер мал мен қозғалмалы мүлікке жеке меншік сол кезде-ақ пайдалы болса, демек, бұл сан да белгілі бір мөлшерде пайда болғаны. Жер сатылмайды, демек оған басқа өлшем белгіленді. Бұл мөлшердің әртүрлі компоненттерін қайткенде де олар бірегей мүліктік кеңістікте жұмыс істеуі үшін үйлестіру қажет болды. Сол уақытта: „Менің ата-бабамның сүйегі жатқан жер, менің қыстағым - менің жерім” деген қағида шықты. Мұның ақыры жер-судың ру-тайпа арасында қатаң бөліске түсуіне әкеп соқтырды және бұл ХХ ғасырда таптық көзқарас енгенге дейін созылды.

Бұл мыңдаған ғасырлардан бері өмір сүріп келе жатқан қағиданы терең зерттеуіміздің себебі, мұнда өлшем ретіндегі сыртқы мөлшерден шамаластық ретіндегі ішкі мөлшерге ауысу жүреді. Сол кезде сыртқы көрініс ретіндегі байлық мөлшерін жерді бөлуге тыйым салатын тарихи-мәдени жағдай ретінде жерге жеке меншікті жоятын мөлшермен - оны мойындаумен толық салыстыруға болады. Бұл күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ, өйткені автохтонды халықтың ғасырлық игілігін иемдену, қазіргі жағдайда құнарлы жерлер мен жайылымдардан айырылу қаупін туғызды.

Сонымен қатар жерді белгілі бір рулардың, тайпалардың мұрагерлік иеленуі прогрестік рөл атқарды, өйткені жерді иесіздіктен құтқарды және сонымен қатар жеке жер иеленушілікті жойды. Сөйтіп, жерге сұранымның ұдайы өсуі жағдайында феодалдардың жақсы жерлерді басып алуынан сақтандырды. Мәселен, осы жағдай Англияда „қойлар адамдарды жеп қойды” деген айтулы жағдайды туғызған. ХХ ғасырдың басында Алашорда көсемдерінің бұл ежелгі қағиданы қорғаулары тегін емес еді. Жайылымдар рулардың ғана, соның өзінде де ата-бабасының сүйегі жатқан қыстаулар ғана меншігі болсын деп жерді жеке адамдардың иеленуіне мүлде тыйым салды. Бұл метрлік (сыртқы) және имоненттік (ішкі) мөлшерлерді біріктіру қазақ тілінің этимологиялық деңгейіне де эсер етті, метрикалық мөлшер - өлшем деп, ал ішкі мөлшер - шама деп аталды.

Қытай деректері жерге меншік болуының негізін рулар салғанын айтады. Бұл жайлы гуньмо тыйым салуы былай дейді: „Ол уақытта ұлы гуньмо Цылим билікті берік ұстап тұрды, және барлық қорыққан лин-хоу соған бағынды. Ол тұрғындар жылқылар мен малдарын бағып жүріп, жайылымға кірмесін деп бұйырды” (Кюнер Н.В. Китайские известия... 92-бет). Шығарманы түсінік беруші (комментатор) Янь-Ши-Гу былай деп түсіндіреді: „жайылымға, яғни гуньмо жайылымына кірмеді. Олар жайылымды бүлдіреді деп қорықты”. Егер тайпа көсемі Гуньмоға қарағанда „өлшем” бойынша көп төлей алса да, „шама” бойынша ол мүлдем бұлай істей алмас еді.

Жеке адам мәселесін, бақташы үшін мөлшер қатынастарының барлық кезде шешуші жүйесі болды. Бұған ол болмыстың объективтік заңы ретінде қарады. Көш бойында бар нәрсенің ыстық-суығына (ауаның, судың, жердің т.б.) төзуіне тура келді. Мөлшердің объективті белгілерін адам табиғат құбылысы ретінде қабылдады және оны өзінің ішкі ұғымына айналдыруға тырысты, сөйтіп оған объективті түрде қарсы тұрды. Еңбек әрекетінде жеке адам әр алуан сипаттағы көптеген мөлшер ұғымдарын қабылдады, сондықтан да осы өзгеріп тұратын мөлшерге сәйкес бейімделу әдісін игерді. Қысқасы, дүние ол үшін аса мол мөлшердің жиынтығы, осы дүниемен тайталасқа, антогонизмге

түспей өз тіршілігін одан әрі тыныш жайғастыру үшін оны барынша игеру қажеттілігі туды.

Мөлшердің түп-төркінін түсіну жеке адамға мөлшердің ішінде сапалық шамаластық бар екенін, бір сапаның сандық өлшемдері өзара байланысты екендігін, яғни, заттың немесе құбылыстың ішіндегі сандық өлшемдер арасында өзара қатынастық болатынын көрсетеді. Сонымен қатар бұл мөлшерде әрқашан өлшем элементі қатар жүреді, ол басқа заттар мен құбылыстарды бір эталон негізінде өлшеуге алып келеді. Алғашқыда бақташы қызметі сапалық сипатқа ие болды. Ол кез келген затта, мысалы бағымындағы жылқының шамалық қалыптан асқандарын, семіріп, төрт елі қазысы барларын сойысқа жіберді, ал жас тай-құлынды мөлшер шегіне жетпегесін жайылымда қалдырды. Дәл сол сияқты диқан астықтың, бау-бақшаның пісіп жетілуінің тиімді мөлшерін өткізіп алса, ысырапқа соқтыратын. Ол сондай-ақ игерілер жердің, қажетті су көлемінің мөлшерін де білді. Өйткені бұл жер мұрап еңбегін қажет етпеді.

Информация о работе Қазақ философиясы