Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Сентября 2013 в 19:38, реферат

Краткое описание

Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды.

Вложенные файлы: 1 файл

Ахмет Байтұрсынұлыыыыы.docx

— 34.22 Кб (Скачать файл)

    Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды.

Өмір жолы. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, көңіліне ой ұялатады. Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін, игі дәстүрлері мол жаңаша мектептер саны көбейген болатын. Міне, осы тәрізді оқу орындарында оқып, сапалы білім алып шыққан Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылдын 1 шілдесінен өзінің мұғалімдік, ұстаздық қызметін бастайды. 1895-1897 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеу мүмкіндіктерін қарастырады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең-жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл-парасатымен ел аузына іліге бастайды. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жазады. Соның салдарынан 1910 жылы Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді. 1913-1918 жылдары өзі ұйымдастырған "Қазақ" газетінің редакторы бола жүріп, кең ауқымды әлеуметтік істер атқарады. Газет бетінде халық өмірінің аса күрделі мәселелерін көтереді. Елді оқу-білімге, ілгері ұмтылуға шақырады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады. Кеңес өкіметі тұсындағы коммунистік идеология аласапыранының салдарынан 1929 жылы жазықсыз ұсталып, ұзақ уақыт түрме мен лагерь азабын тартқан Ахмет, 1936 жылы елге қайтып оралғанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы атылады. Алаш қозғалысының көсемі ретінде "халық жауы" деп атылған А.Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А.Байтұрсынұлы шығармаларының жинағы (1989), "Ақ жол" кітабы (1991) жарық көрді.

       Шығармашылық мұрасы. Ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының артында аса мол әдеби, ғылыми еңбектер қалды. Ол өз заманында әрі ақын, әрі аудармашы, әрі ғалым ретінде танылды. Ахметтің 1909 жылы Петербург қаласында "Қырық мысал" деген атпен жарық көрген алғашқы кітабына негізінен орыс мысалшысы И.Крыловтан аударған аударма мысалдар жинақталды. Бұрын мысал арқылы тұспалдап айтылған ойларын Ахмет 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан "Маса" атты өлеңдер жинағында өз сөзімен ашықтан-ашық жария етті. Бұл жылдары ол қазақ тілі мен әдебиетінің әр түрлі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазып, баспа беттерінде жариялады. Әсіресе 1913 жылы жазылып, "Қазақ" газетінде жарияланған "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ғалым ретінде танытты. Бұл мақала ұлы Абайдың ұлттық әдебиеттің тарихынан алатын орнын айқындауға, ақын шығармашылығына баға беруге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді. Әдебиетші Ахмет Байтұрсынов мұрасының маңызды бір саласы – оның ел аузынан жинап, жүйелеп, баспа бетінде жариялаған ауыз әдебиеті нұсқалары. Атап айтқанда, Ахмет жинаған фольклорлық үлгілер негізінде Мәскеу қаласында 1923 жылы "Ер Сайын" жыры, 1926 жылы "23 жоқтау" кітаптары жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші-реформаторы, теоретигі әрі қазақ тілі білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды. Ол араб әріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Өзінің "Оқу құралы" (1912), "Тіл құралы" (1914), "Әліпби" (1924), "Жаңа әліпби" (1926) тәрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды. Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша әрі дәл анықтамалар берді. "Әдебиет танытқыш" кітабы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі. Оның әдебиетші ғалым-теоретик ретінде тұлғасын айқындаған басты еңбегі – "Әдебиет танытқыш". Еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Бұл кітабында ғалым алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады. "Әдебиет танытқыш" кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көркем әдебиеттің бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдері талданса, екінші бөлімде әдеби жанр түрлері сөз болады. Тұтастай алғанда, Ахмет Байтұрсынов өнер атаулыны екі топқа бөледі. Оның бірі – тірнек өнері, екіншісі – көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сәулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, әуен (музыка) өнерін және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады. "Өнердің ең алды – сөз өнері саналады. "Өнер алды – қызыл тіл" деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді" деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы. Әдебиеттің көркем бейнелеу құралдары, жанрлары жөнінде талдау жасай келіп, А.Байтұрсынов олардың, әрқайсысына әлемдік әдебиеттану ғылымындағы атауларға сәйкес дәлме-дәл қазақша балама атаулар береді. Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қолданылып жүрген ұғымдар мен категориялардың атауларын термин дәрежесіне көтеріп, қолданысқа енгізген Ахмет Байтұрсынұлы дейтініміз сондықтан. Әдебиеттің жанрларын айқындау, тарихи кезеңдерге, бөліп қарастыру мәселесінде де бұл еңбекте көптеген тұжырымды ойлар айтылады. Бұлардың кай-қайсысы да қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңалық болатын. Сонымен қатар, "Әдебиет танытқышта" Ахмет Байтұрсынұлы аса бай фольклорлық материалды пайдаланды. Теориялық қисындарды қазақ ауыз әдебиетінен және баспасөз беттеріндегі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан алынған мысалдар арқылы бекітіп отырды. Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді. Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн, Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін, Тартады аққу көкке, шаян кейін Жұлқиды суға қарай шортан шіркін. Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады. Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас. Әуелі бірлік керек болса жолдас. Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, — деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады. Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар: Қасқырдың зорлық болды еткен ісі. Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі Нашарды талай адам талап жеп жүр Бөріден артық дейміз оның ісін. Алуан-алуан ойға жетелейтін “Қайырымды түлкі”, “Ала қойлар”, “Үлес”, “Қартайған арыстан”, “Өгіз бен бақа”, “Қайыршы мен қыдыр”, “Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын - әуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына: Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да, Келе алмас жаман батып маңайыңа. Басыңның бақыт құсы ұшқан күні Құл-құтан басынады, малайың да, — деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп: Ойласақ оқиға емес болмайтұғын, Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын. Қазіргі пайдасына бәрі жетік, Адам аз алдын қарап болжайтұғын. Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын. Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан. Алданып арқадағы дау-шарына Кәтерден кәпері жоқ, келер сырттан, — деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды. Мысал жанрының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысы әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. “Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың “Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ әдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді. Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Шал мен ажал (өлім)”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. “Ала қойлар”, “Есек пен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар. Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған. Ал Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жаңа идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі Федрдан алынған Крыловтың он жолдық “Шымшық пен көгершін” мысалы Ахмет Байтұрсынов аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма. “Өгіз бен бақа” орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, “Қасқыр мен тырна” орысшада – 19, қазақшада – 76 жол, “Арыстан, киік һәм түлкі” орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, “Қасқыр мен қозы” орысшада – 37, қазақшада – 68 жол, “Ағаш” орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеурін, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берілген ойлар “Маса” кітабында ашық, анық, дәлді, нақты айтылады. Мұнда Ахметттің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық, бірталай өлеңдерге арқау болады; ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын. Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам. Алданып жегеніме оны ұмытсам, Болғандай жегенімнің бәрі қарам, — деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, “Жиған-терген” өлеңіндегі: Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып. Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып – деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді. Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған, Қалмаған түк қасиет қазақ азған. Байға мал, оқығанға шен мақсат боп, Ойлайтын жұрттың қамын адам азған. Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады: Мен бұқтым, жаттым, Сен бұқтың жаттың, Кім істемек қызмет? Ауызбен айтып, Істерде қайтып, Жоламасақ не міндет? Тек жүрсе тоқ жүрмекті Қиын деме білмекті. Қазір әлем поэзиясындағы ділмар сөз – афоризм боп кеткен түрік ақыны Назым Хикметтің: Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап Аспан қалай ашылмақ, — деген жолдарының Ахмет Байтұрсынов өлеңімен әуендестігі кісіні таң қалдырады. “Маса” кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар- абыройын сатқан “жақсылығы өз басынан артылмаған”, “бос белбеу, босаң туған бозбала”, “бір тойғанын ар қылмаған шалдар”, “қайырсыз кеще сараң байлар”, “мәз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар” сыналады. “Туысыма”, “Досыма хат”, “Қазақ қалпы”, “Қазақ салты”, “Көк есектерге”, “Жұртыма”, “Қарқаралы қаласына” өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. “Анама хат”, “Жауға түскен жан сөзі” – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. “Масада” Пушкиннен аударылған “Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің”, “Ат”, “Данышпан Аликтің ажалы”, “Балықшы мен балық”, “Алтын әтеш”, Крыловтан аударылған “Сорлы болған мұжық”, “Қаздар” шығармалары да берілген. Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, — деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса: Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, — деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді. Екі жинақ – “Қырық мысал”, “Маса” – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады. Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқықтану, жер мәселесіне, отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған “Тағы да народный сот хақында” (1911), “Қазақ һәм ІҮ Дума” (1912), “Земство” (1913), “Жер жалдау жайынан” (1913), “Көшпелі һәм отырықшы норма” (1913), “Уақ қарыз” (1913), “Бұ заманның соғысы” (1914), “Жәрдем комитеті” (1915), “Закон жобасының баяндамасы” (1914) (осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), “Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” (1914), “Губернатор өзгертілуі” (1914), “Соғысушы патшалар” (1914), “Қазақ жерін алу турасындағы низам” (1913), “Қазаққа ашық хат” (1916), “Бастауыш мектеп” (1914), “Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек” (1923), “Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері” (1926) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсынұлының көзқарасы эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді. Ал ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған еңбектері бірнеше том боларлық мол дүние, бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған “Қазақтың бас ақыны” еңбегі – оқшау, дара тұр. Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының алдына тартылды. Өмірдің сан алуан көкейкесті мәселелерін арқау етіп жазған Ахмет Байтұрсынұлы мақалалары алдымен “Айқап” журналында, 1913-1918 жылдар арасында өзі редакторлық еткен “Қазақ” газетінде, кейін кеңес баспасөзінде жарияланған. Мақалалар саны көп, олар мерзімді басылым бетінде шашылып жатыр, бұларды жинап, сұрыптап, ой елегінен өткізіп, жүйелеп бастырып шығару арқылы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи зердеміздің қазір ойсырап, үңірейіп тұрған беттерін толтыратын боламыз. Қазіргі қолда бар материалдардың негізіне сүйенгенде қаламгер – оқу-ағарту, оқулықтар жасау, әліппе, емле, грамматика, жер иегері, кәсіп істеу, халықаралық қатынастар, тарих, құқықтану, заң, философия, қоғамдық күрестер, мәдениет, әдебиет, эстетика проблемаларын тереңнен қозғап, өз кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық, ұйытқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған. 1917-19 жылдар арасында әр қиянды шиырлаған кездерін автордың өзі де мойындаған. Автордың “Қазақ өкпесі” мақаласында (“Айқап”, 1911, № 2) тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. “Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды. Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. “Оқу жайы” (“Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. “Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, “жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды. Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.

Психологиялық көзқарастары

     А.Байтұрсынұлы психология ғалымы саласынан да өзіндік пікірлерімен дараланады.Мәселен,тек «Әдебиет танытқышының»өзінде ғана осы ғылымға қатысты толып жатқан ой-пікірлер мен салиқалы түйіндер баршылық.Мұндағы «Көрнек өнері», «Сөз толғау», «Лұғат әуезділігі», «Жан жақтау», «Жан қоштау», «Көріктеу», «Ес ұғымы», «Іс ұғымы», «Зейіндеме» атаулары мен ұғым-түсініктерде сондай-ақ оның жұмбақ,жаңылтпаш,терме,айтыс,толғау,жоқтау,бата,мақал т.б әдебиеттану ғылымына қатысты пікірлерінде халықтың психолгияның теориялық қисындары үшін іздесе таптырмайтын әдістемелік қазық боларлықтай түйіндер мол.Ғалымның тіл мен сөйлеу психологиясы жайлы айтқандары да аса мәнді. «Тілдің міндеті,-деп жазады ол,-ақылдың аңдауын аңдығанша қиялдың меңзеуін меңзегенше,көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау...Сөз көңілге сипат жағынан көркемдігімен,сөз мағына жағының күштілігін жағады...Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады».Бұл психологиялық жағынан өте пәрменді тұжырым.Өйткені қазақтың қазіргі кездегі ұлттық тәрбиесінің мықтап ақсап,тіпті батпаққа белшесінен батып жату себебінің бірі-осы халықтың әсіресе тәлімгер қауымының тәрбиелік ықпалын өз дәрежесінде пайдалана алмай жүргендігінде.

   А.Байтұрсынұлының  психология ғылымының төңірегінде  ой қозғаған терең мәнді,салиқаалы  пікірлері «Әліппе-таңбалар жұмбағы  »дейтін еңбегінде елеулі орын  алған.Мұнда ол араб әрпінің  латын таңбасынан әлде қайда  ұғынуға,тез жазып,миға тоқылуы  жеңіл екендігін психологиялық  тұрғыдан дәлелдеп береді.Оның  пікірінше,екі таңбаның қайсысымен  басылған,я жазылған сөз оңай  оқылады,бұларды қайсысымен жазылғанды  тану жеңіл қайсысы  сыйымды  қолайлы,көркемдік,көзге жайлылығы  жағынана  кайсысы артық дегендей  психологиялық жайттарға тоқталады.Ғалым  латын,араб әріптерін оқуға қайсысының  жеңіл,қолайлы екендігі жөнінде  былай дейді: «Сауаты ашылған  адам жазылған,я басылған сөзді  әрпіне қарап оқымайды бүтін  тұрған суретін танып оқиды.Таныс  адамды көргенде мынау пәленше  анау түгенше деген сияқты  әр сөзді тұрпатына қарап танып  айтады.Неғұрлым сөз суреті көзге  елеулірек болса солғұрлым жылдам  танылып шапшаң оқылыды екен».Байтұрсынов араб әріптері бірі биік,бірі аласа,бірі ұзын,бірі қысқа келіп,екінші жағынан қосымша таңбалары сеп болып,сөз суретін көзге елеулі етіп,кісінің тез оқуына әріп тануына қолайлы болады дейді.

       А.Байтұрсынұлы  адамда жазу дағдысының қалыптасу  жолын да психологиялық тұрғыдан  түсіндіреді.Ол сөзді оқығанда,не  жазғанда кейін кісі тұтасынан  бейнелейді дейді.А.Байтұрсынұлының  осы түйіндері психологияда жазу  дағдыларын қалыптастырудын заңдылықтарына  негізделген.Мұны психологиядан  аздап хабары бар адам,арнайы  түсініктемесіз-ақ ұға алатыны  хақ.Латынша жазуда қолға куш  тусетіндігін А.Байтұрсынұлы орыс  психологы П.П.Блонский зерттеулері  арқылы түсіндіреді.

 Халқымыздың осынау  бір туар – ғалымы араб графикасының  оқу жазуға латын - қаріпінен  гөрі әлдеқайда тиімділігін психологиялық  тұрғыдан пайымдайды.А.Байтұрсынұлы  өмірінің соңғы сәтіне дейін,өзі  түлеткен,өзі реформа жасап жетілдірген  қазақтың жаңарған жазу үлгісін  осылайша ғылыми негізде дәлелдеп,шырылдап  қорғап өтті.

  Ғұлама ғалымның тілегі-теңіздей  рухани мұрасында осы айтылғандардан  басқа да психологиялық мәні  терең ой тұжырымдары көптеп  кездеседі.Осыларды саралап зерттеп,халық  игілігіне айналдыру қазақ психологтарының  келешектегі абыройлы міндеті  хәм парызы болмақ.

Аудармалары

 Байтұрсынұлы қалдырған  бай мұраның тағы бір саласы - көркем аударма. Ол орыс классиктерінің  шығармаларын қазақ тіліне аударып,  көркем қазынаның бұл саласын  байытуға мол үлес қосты. И.А.  Крылов мысалдарының бір тобын  қазақ тіліне аударып, «Қырық  мысал» деген атпен жеке жинақ  қылып бастырды. И.И. Хемницердің  «Атпен есек», А. Пушкиннің  «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш»,  «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы»  шығармаларын, орыстың белгілі лирик  ақыны С.Я. Надсонның өлеңін  қазақ тіліне аударды. 

 

 

 

 

 

Түркітану

 Байтұрсынұлы тілші-ғалым  ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің  жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту  әдістемесі туралы мақалалар  жазды. 

1926 ж, Бакуде болған  түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне  қатысып, «Түркі тілдеріндегі  терминология жайлы» деген тақырыпта  баяндама жасады. Байтұрсынұлы қазақ  балаларының ана тілінде сауатын  ашуына көп күш жұмсады. Осы  мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл  құралы» (1914); ересектердің сауатын  ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа  әліпби» (1926) атты оқулықтар мен  тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына  қатысты категориялардың әрқайсысына  қазақша ғылыми термин жасап,  морфологиялық тұлға-тәсілдерді  жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар  берді. Қазақ фонетикасы мен  грамматикасын талдауда тілдің  типологиялық ерекшеліктері мен  өзіндік даму барысын ескеру  принципін ұстады.

 Байтұрсынұлы қазақ  тіл білімін 20 ғ-дың бас кезінде  қалыптастырып, оның ірге тасын  қалады. Араб графикасына негізделген  қазақ жазуының реформаторы болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

Қазақ зиялыларының жан-жақты  білімдар әрі саяси күресте шыңдалған  легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.

Ахмет Байтұрсынұлы тұңғыш төл грамматикалық терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы. Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 жылы Байтұрсынұлының 50 жасқа толғаны Орынбор, Ташкент қалаларында салтанатты түрде аталды.

Ахмет Байтұрсынұлы жаңа әдеби дамуға қатысты келелі эстетикалық-теориялық ой-тұжырымдар, пікір-байламдар түйеді. Сындар дәуір ұғымына автор бір жағынан сын арқылы шыққан, екінші жағынан мағынасы терең, мінсіз, толғаулы, классикалық әдебиет деген сипаттарды сыйдырады. Асыл сөз жасаудағы білімнің, үлгінің қызметін ашады да мынадай қорытынды жасайды: “Қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Еуропа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып көзге түскен. Сонан кейін ғана Еуропа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзетушілер шыға бастаған”.

Қазақ әліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен  мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы  көптеген көше, мектептерге Байтұрсын  есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай университеті Байтұрсыұлының есімімен аталды. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп Алматы қаласынданда республика ғылыми конференция өткізілді, Байтұрсыновтың мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.

                                  Жоспар

 

1. Өмір жолы......................................................................3

2. Шығармашылығы..........................................................4

3.Психологиялық көзқарастары.......................................10

4. Аудармалары...................................................................11

5. Түркітану.........................................................................12

Қорытынды...........................................................................13

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Информация о работе Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938)