Ұлттық тәрбиенің міндеті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 21:33, реферат

Краткое описание

Ұлттық тәрбиенің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.

Вложенные файлы: 1 файл

Ұлттық тәрбиенің мақсаты.docx

— 47.63 Кб (Скачать файл)

   Ұлттық тәрбиенің  мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.  

 Ұлттық тәрбиенің  міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриалық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін парасатты, ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру. Тәрбиенің басты нысаны елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. 

Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарын әлем елдерінің озық дәстүрлері мен озық тәрбие үлгілерімен байытып, жаңа тәрбие тұжырымдамаларын жасауда. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру ісі басты нысанаға алынып отыр. 

Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді  түзе» демекші, ел болып, ұлт болып  қаламыз десек,  «Ұлттық тәрбие»  балабақшалар мен мектептерден бастап қолға алған жөн.  

Ұлттық тәрбие:

1.      «Отбасындағы ұлттық тәрбие»

2.      «Балабақшадағы ұлттық тәрбие»,

3.     «Мектептегі ұлттық тәрбие»    деп бөліп талқыланады.      

1. Ұлттық тәрбиенің көздері:  Фольклор,халық ауыз әдебиеті, ұлттық  әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік  сөздер, мақал-мәтелдер, ұлы ойшылдардың  еңбегінде жатыр.Мысалы:         Данагөй сөзі

Ауыл адамдары бір данагөй қартпен кездесіп, пікірлесіп отырғанда бір адам тәрбие туралы сұрайды. Сол кезде қария:

-         Осы ауылдарыңда балаларыңды кісі өлтіруге, ұрлық пен тонауды қалай жасау керектігін үйретіп жүрген жалмауыз бар,-дейді.

Адамдар:

-         Ол кім? Бізге көрсет, оны тез арада өлтіруіміз керек,-деп шулайды.

-         Сонымен қатар қыздарыңды жалаңаш жүруге, зинақор жасап, ер адамды өзіне қаратуды, жаман, лас жолға түсуді үйретіп жүрген әйел бар,-дейді.

-         Олар қандай адамдар, көрсетші. Оларды өлтіріп, жоюдың амалын айтшы,-деген халыққа данагөй қария:

-         Қолдарыңнан келмейді, оны жоюға ешбіреулеріңнің арларың жібермейді,- дегенде:

-         Сонда кімдер?

-         Ол әрбіріңнің үйіңдегі теледидар,- деген екен

Мектептегі ұлттық тәрбиеге: «Ұлттық  тәрбие және қазақ әдебиеті», «Абай  шығармаларындағы ұлттық тәрбие мәселелері»,«Өз халқыңның қадір-қасиетін ұқ»,  «Қазақ өнеріндегі ұлттық тәрбие»,  «Ұлт патриоты болайық» , «Ұлттық тәрбие: салт-дәстүр, әдет-ғұрып негіздері», «Ұлттық тәрбиенің этика-эстетикалық негіздері», «Ұлттық тәрбие және дін мәселесі» т.б қарастырылып келеді.

2.  Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері; туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.Тұрмыс – салтқа байланысты туған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің, бәрінде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады 

Яғни халық педагогикасы тәрбиені еңбек пен өнерге негіздей жүгізеді. Тек бертін келе ғана оқу-білім  дамып, ғылым мен техника өрістей бастаған кезеңде ғылыми педагогика дүниеге келді.  

«Ұлттық тәрбие» пәнінің тиімділігі мен мазмұнын арттырудың ғылыми негізі толық қаланып, бүгінде ол жаңа тәжірибелермен байытылуда.  

Ұлттық тәрбиенің көздері: фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ  жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. 

Міне, бұл орайда  ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету сабақта және сыныптан тыс сабақтарда,тәрбие сағаттарында көрсету үрдіске айналып келеді . Еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын отансүйгіш, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай тер төгіп келеміз. 
 «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» болғандықтан әдебиет сабағында оқушыларға  тақпақтарды жалаң жаттатып, ертегілерді құр оқытып қана қоймай, оны оқушының  санасына сіңіріп, мағынасына терең бойлатуға тырысамын. Ол үшін түрлі көрнекі құралдарды пайдаланып  «Тазша бала», «Қожанасыр», «Алдар көсе» сынды ертегі кейіпкерлерін балалардың өздеріне ойнатып, жан-жақты амал-тәсілдерді қолданамыз.  Сондай-ақ  ежелгі ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, тарихымызды балалардың жадына жастайынан сіңіріп өсіруіміз шарт. 
  Мысалы өткен тарихымыздан сыр шертетін «Көшпенділер» фильмін, одан соң Желтоқсан оқиғасын, тәуелсіздіктің қалай келгендігін жас балдырғандарға ересектер сияқты түсіндіре алмайсың. Сондықтан осы жолда «Тәуелсіздігім тұғырым», «Желтоқсан ызғары»т.б тәрбие сағаттарын өткіземіз.Ол болашақ ұрпақты ұлтын сүйе білуіне мүмкіндік береді.Бұл бір жағынан балалардың  егемен еліміздің тарихы мен тәуелсіздігіміздің тартуы – рәміздерімізді таныстыруға мол мүмкіндік туғызады. 
  Сонымен қатар «Сақина салу», «Орамал тастау» сияқты ұлттық ойындар қабақ үстінде де ойнатамыз. Бұл олардың өз халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыра түсетіні кәміл.  Болашақ ұрпақ осы бастан қазақтың ұлттық киімдері мен ою-өрнектерімен танысып, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, домбырамыз бен «бесік жырын» айтып, ақ бесікке әлдилеп жолбарыс жүрек батырлар мен ақындарды тәрбиелеген апа-әжелеріміздің бізге қалдырған ақ бесігін көріп өссіндеген ниетпен  «Бесікке салу, тұсау кесу,сырға салу т.б салт-дәстүрлерді тәрбие сағаттарында көрсетуге тырысамын. 
 Әрине, қазіргі балаларды бұрынғылармен салыстыруға болмайды. Ертеректе балалармен жұмыс жасау бүгінгіге қарағанда әлдеқайда жеңіл болатын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, айтқаныңды екі етпейтін. Қазіргі балаларымыз бір үйдің еркесі, бір үйдің жалғызы дегендей... Оларды тек «алдап» көндірмесең ештеңе істете алмайсың. Оның үстіне бұл тек мектептің  ғана емес, үйдегі тәрбиеге де байланысты. Сондықтан біз, көбінесе, балалардың ата-аналарымен кеңесіп, бірлесіп жұмыс істейміз. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе – қазіргі балалар уақытын пайдалы істерге жұмсамай, компьютердің алдында өткізеді. Ол баланы еңбек етуден алыстатып, ойлау қабілетін төмендететіні сөзсіз.Сондықтан «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге»нақыл сөздердің құндылығымен тәрбиелеуге жетелейміз. 
   Халықтық педагогика – қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік қарым-қатынастарындағы ең қымбат қазына дейтін болсақ, оқушыларға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін үйрету, оны оқушы ойына ұялату арқылы ізгілікке, адамгершілікке, ұлтжандылыққа, өз салт-дәстүрін құрмет тұтуға баулу – ұстаздардың басты мәселесі.

Бүгін де өзгелермен тереземіз теңесіп, өркениетті елдер қатарынан көрініп келе жатқан біз үшін ұлттық дәстүрімізді терең меңгеріп, ұлттық болмысымызды сақтап қалу өте қажет деп білемін. Сондықтан еліміздің болашағын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздар үшін бұл ең басты міндет деп санап, өз сабағымда осы мәселеге баса назар аударуға тырысамын. Жалпы қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда халықтық педагогикасыз болмайтыны белгілі ғой. Әйтсе де оны  оқушы санасына терең бойлату үшін күнделікті сабақта тиімді пайдаға асыра білу өте қажет.  Мысалы, 5-сыныптарда халық ауыз әдебиетін оқытудың өзі - халықтық педагогика.  Қазақ  халқының  тәлімдік мәні, ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер  мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні — адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі. Халқымыз өз ұрпағын бесікте жаткан кезінен  өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала аяғын жерге нық басқаннан кезден қоршаған ортаның құпиясын ғылыми  тұрғыдан  сезініп білмесе де, жұлдыздарға, түрлі белгілерге  қарап жол тауып, қаршадайынан  есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды  табатын  ізшіл де, мерген де болған. Кәсібі, тіршілігі  мал  шаруашылығына  байланысты болғандықтан,  бала 5—6 жасынан  ат құлағында ойнай бастайды, бір естігенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеті күшті, әңгімеге үйір көшпелі халықтың баласы небір қызық ертегілерді, жыр-дастандарды жаттап алатын болған. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардын сөйлеу корын байытып, мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра беретін. Халықтық шығармалар ішіндегі әр жакты айқын бейне, қызықты оқиға, әдемі қисын, жақсы  ұйқастардың  бәрі  балаларды  қуантып, еліктіре әсер етіп, ой-пікірін  шыңдап отырған. Сондықтан халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқытуда тек оны оқытып, жаттатып, талдатып қана қоюға болмайды. Сол арқылы тәрбиелеу керек. Ата - дәстүрімізді мақтан етіп, оқушы жүрегінде өзінің қазақ болып туғанына мақтаныш ететіндей сезімді оятуымыз қажет.  Мысалы:«Айналдырған тас» туралы аңызды тыңдап көріңіздерші: «Ел кезіп жүрген бір адам келе жатса, бір алдында жатқан үлкен тасты көреді. Ол таста «Аудар да, оқы» — деп жазылған жазуды көреді. Ол тасты әрең дегенде аударып, екінші жағын қараса, «Өз білгеніңе назар аудармай, жаңа білім неге іздейсің?» — деген жазуды оқиды», яғни бала тәрбиесінде туындап жатқан мәселенің шешімі өзімізде екендігін көруге болады.

Халық ауыз әдебиеті үлгілерінен басқа  ақын-жазушылар шығармаларын оқытуда да халықтық педагогикаға соқпай өтуге болмас. Мысалға, 7-сыныптарда І.Жансүгіровтың «Бөбек бөлеу»  өлеңін оқытқанда өлеңнің мәніне, мағынасына көңіл бөлемін. “Ел болу үшін, бесігіңді түзе” – деген нақыл айтып кеткен Мұхтар Әуезов атамыздың бұл бір сөзіне ой жүгіртсең, елдің сапасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық екендігін және ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден жиған тәжірибесі, бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосып отырғанын оқушыға дәлелмен жеткізу керек. Сондай-ақ, халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрнісі барын, бесік жырын дана халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп танитынын оқушы санасына берік орнатуға тиіспіз.

Ғ.Мүсіреповтың «Боранды түнде» әңгімесін  оқыту кезінде өз бетінше мазмұндап келген кез келген оқушы ең алдымен Қайсардың қыз алып қашу жоспарына, боқмұрын баланың қызды Қайсардың үйіне алып келуіне көңіл аударады. Сондықтан әңгімені мазмұндатқанда сүндеттелген баланың сүндет малын сұратуы бойынша Күреңтөбелді берсе, Кәмшатқа қалың малын кешіретіндігін жай ғана айтып кетсе, балаларға қалың мал, сүндет малдың не екені жұмбақ болып қалады да, әңгіме не туралы екенін нақты түсінбей кетуі мүмкін. Сол себепті, сүндет - мұсылмандардың бір міндеті болса, қалың мал екі жақтағы сыйластықты, татулықты нығайтатыны туралы мағлұмат беріп, оқушы санасында халқымыздың салт-дәстүрі мен кәде –жоралғысының өзіндік бір мәні,  ізгілікке, парасаттылыққа бастар жолы жайлы дұрыс көзқарасты қалыптастырамыз.

Ал С.Мұқановтың «Саятшы Ораз»,Мұхтар Шаханов «Отырар»,Төлен Әбдіков «Қонақтар» әңгімесін оқыту кезінде орта ғасырда құсбегілік өнері көшпенділер арасында тоқтаусыз дамығанын,  саятшылық көшпенділер үшін тіршіліктің өзекті бір саласы болып келгенін, сондай-ақ ол әскери жаттығудың шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі болғанын, жаугершілік замандарда қыран құстармен дүйім жұртты асыраған құсбегілердің болғанын әңгімелей отырып,Отанын  ,туған жерін сату, өз ата—анасын құрметтемеу сияқты жаман әдеттеден жирендіріп,ұлттық намысы мен жігерін оятуға тәрбиелеу керек. Осы әңгімеде, сондай-ақ, көрші ақысы, олжа байлау сияқты халықтық дәстүрлерді айта кету орынды.

Қазақ халқының  ұлттық тәлім тәрбиесі мен  мәдениеті  талай  халықтардың  өкілдерін  таң қалдырғаны  тарихи  жазбалардан  белгілі. Ұлы саяхатшылар  мен  зерттеушілер  қазақтың  ежелгі  тұрмыс тіршілігі, мәдениеті  мен  ауыз  әдебиеті  туралы, ер адамдар  мен  әйелдердің  моральдік этикалық ерекшеліктері  туралы, олардың  тұрмыстағы, кәсіптегі, отбасындағы, әулеттегі, рудағы  әлеуметтік   орны  туралы, ұлттық  наным, сенім, әдет ғұрпы, мінезі, көшпенді  өмір  сүргеніне қарамастан  салты  мен  дәстүрінің  біртұтастығы, біртұтас тілде сөйлеуі, қолөнері мен  бейнелеу  өнерінің, ауыз  әдебиеті  және  музыка  өнерінің  жалпы  дала мәдениетінің  таң  қаларлық  үлгілері  туралы  таңдай  қаға  айтып, баяндайды. Ендеше осындай ұлылықты, халқымыздың бай саралы да саналы дәстүрлерін еліміздің болашағы -өзіміздің алдымызда отырған ұрпағымызға үйрету –ұстаз қауымының бірінші міндеті. 

(Хабал Ардах)

 

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында  елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш сыныпта атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [1].     

 Ұлттық тәрбие барысында  ұлттық сананы қалыптастыру ең  маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Қазіргі жаһандану кезіндегі  Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар. Алатын тұстарымыз қатарына батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау сияқтыларды атауымызға болады. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет десек те, Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік – жақсылықтың нышаны емес. «Батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндіріс¬ті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды ешуақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстын ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату (сатылу) және пайда табу. Уақыт қанша аз жұмсалса, сонша пайдасы көп» [2]. Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек. 
     Әрине, жаһанданудан ешкім де құтыла алмайды. Оған тек бейімделу керек, ал бейімделе алмағандар құриды. Бірақ бейімделу дегенді өзгенікін толық қабылдау деп ұқпау керек. «Бізге дәл қазіргі заманда батыстың желімен домалай жөнелетін қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып, зиянын бойына дарытпай, дауылына міз бақпай қасқайып қарап тұратын тамыры ұлт рухына терең бойлаған мәуелі бәйтерек керек. Сондықтан біздің міндетіміз – рухы биік ұрпақ тәрбиелеу» [3, 5-б.]. 
     Оған қарсы тұру үшін ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу керектігін басып айтуға болады. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы – адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін, дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындаймыз [2]. 
     Белгілі қазақ ақыны, қоғам қайраткері М. Шахановтың «Компьютер басты жарты адамдар» поэмасынан қазіргі заманның хал-жағдайын көруімізге болады. Ұлттық рухы, ұлттық ар-намысы, ұлттық сана-сезімі жоқ қазақтарды ақынның «компьютер басты жарты адамдарға» теңеуі бекер емес. Жүрегінде ұлттық сезімі жоқ, «мен – қазақпын» деуге, өзінің ана тілінде сөйлеуге, ата салтын құрметтеуге намыстанатын азаматты нағыз адам немесе Абай айтқандай, «толық адам» деуге бола ма? Оның жансыз компьютерден айырмасы қайсы? Компьютер – ғылым мен техниканың өлшеусіз қуатының арқасында ғана миллиондаған ақпаратты «есінде сақтайтын», мыңдаған операцияларды жаңылыспай жүзеге асыратын «құлтемір». Компьютерде ұлттық, нәсілдік ерекшелік, сезім де, рух та болмайды. Ол – тек адамның басқаруымен жұмыс істейтін техника ғана. Бүгінгі замандастарымыз ұлтын, Отанын, елін, жерін, тарихын, тілін, ділін, дінін, ата салтын мансұқ еткен мәңгүрт ұрпаққа айналып кетпесе деген ақынның жанайқайы, өз ұлтының тағдырына деген жанашырлығының айғағы емес пе? [4]. 
     «Тәрбиесіз берген білім қауіпті», – деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет ететін болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі ұлттық тәрбие беру – ұстаздар қауымының басты парызы.   
     Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз [2]. «Қазақ¬қа, әсіресе бүгінгі жастарға, ұлттық тәрбие беру керек» деген идеяны басшылыққа алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Пірәлиевтің жобасы ойға қонымды. 
     Ел Президентiнiң сөйлеген сөзінде: «...Барлық дүние мектептен басталады. Сондықтан әлемдік стандартқа сай жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп, педагогтардың кәсіби деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет..», – деп, атай келе «Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «...Бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп-жетiлiп кемелденедi. Бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз заманының жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болмақ. Олар бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады...», – делінген. 
       Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды.  Қазіргі кезде ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары элементтерін бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ана тілі, математика, дүниетану, бейнелеу өнері, денешынықтыру сабақтарында кеңінен қолданудың маңызы артып келеді. Мысалы: математика сабағында ақыл-ой қабілетін дамытатын ойындармен, ән-күй сабақтарында түрлі әуендермен, дүниетану сабағында табиғи денелерді қолдануды және хайуанаттар дүниесін елестететін, денешынықтыру сабақтарында ұлттық ойындармен, ал еңбекке баулуда түрлі ою-өрнектермен және т.б. танысады. 
      Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М.Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек», – дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, оқушыларға салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің ата-аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе екені баршамызға аян. 
     Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету – басты міндетіміз [5]. 
      Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ та, түгесу мүмкін емес. Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.  

Информация о работе Ұлттық тәрбиенің міндеті