Қола және тас дәуіріндегі Қазақстан

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 30 Ноября 2013 в 18:35, реферат

Краткое описание

Тас дәуірі палеолит, мезолит және неолит болып үшке бөлінеді. Әуелгі палеолиттің өзі үш дәуірге бөлінеді. Оларолдувай (2,6 млн.-700 мың жыл бұрын), ашель (700 мың -150-120 мың жыл бұрын) және мустье (150-120 мың -31-30 мың жыл бұрын) дәуірлері. Тас құралдарының мынадай түрлері болды: шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар,пышақтар.

Вложенные файлы: 1 файл

Қола дәуіріндегі Қазақстан.docx

— 33.40 Кб (Скачать файл)

Орталық Қазақстанның қола дәуірінің ең соңғы кезеңі — «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп аталады. Оның хронологиялық шектері, өтпелі кезеңді қоса есептегенде, б.з.д. XII—VIII ғасырлар. Беғазы-Дәндібай мәдениеті ескерткіштерінің ең басты ерекшелігі болып өте жоғары дәрежеде дамыған тас архитектурасы. Бұл мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының кұрылыстары өте ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Олардың қабырғалары екі қатар болып, тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі және сыртқы жақтарына тастың тегіс бетін қаратып қалаған. XVIII—XIX ғасырдағы қазақтың тастан салған кыстау үйлерінің де қабырғасы осылай өрілген. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі — қорған-қоршаулар. Олардың пішімі кейде дөңгелек, кейде төртбұрышты болып келеді. Қорғандардың биіктігі 70—80 см- ден 1,5—2 м-ге дейін болады. Қорған тастан, қиыршық тас және топырақтан салынып, сырты үлкен қақпақтастармен көмкеріледі. Беғазы-Дәндібай кезеңінде үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты. Осы мәдениетке жататын қыш құмыралардың сипаттамасы мынадай: ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Сол кезеңде көшпелі тұрмыска ыңғайлы ыдыстар көбейе түсті. Беғазы-Дәндібай құмыраларының өрнегі әр түрлі. Тарақ жүзді ою-өрнекпен салынған үшбұрышты, балдақ пішінді батырып салынған өрнектермен қатар тырнақпен, ұштаған таяқшамен салынған өрнектер де көп кездеседі. Батырып салынған таға сиякты өрнек, моншақ өрнек, түйін өрнек кездеседі. Беғазы-Дәндібай төлтума мәдениеті жергілікті негізде қалыптасты. Шаруашылық кәсіптің жаңа түріне көшу тұсында ірі-ірі мәдени кауымдар пайда болды. Зерттеулердің нәтижесі Орталық Қазақстанның дүние жүзіндегі ежелгі мәдениет орталықтарының бірі болғандығын айқындап берді. 

Шығыс Қазақстанның қола дәуірі

 

Шығыс Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері төрт кезеңге белінеді. Олар: 
1. Усть-Бөкен кезеңі (б.з.д. XVIII—XVI ғғ.). 
2. Қанай кезеңі (б.з.д. XV—-XIII ғғ.). 
3. Кіші-Красноярка кезеңі (б.з.д. XIII—IX ғғ.) 
4. Трушниково кезеңі (б.з.д. IX—VIII ғғ.) 

 

Қоныстары

 

Усть-Нарым селосы жанындағы  қоныс Ертіс өзенінің жағасында. Екі үйдің орны қазылып, зерттелді. Үй жердің бетіне салынған. Көлбеу екі  катар сырғауылдардан шатырша етіп үйдің ағаш қабырғасын тұрғызған. Содан соң оның үстіне қамыс, аң терілерін жапқан. Үйдің ортасында тас ошақ болған. Ал осы қоныста зерттелген тағы бір үйдің көлемі үлкен, ұзындығы 11 метр де, ені — 8 метр. Алдыңғы үйдегідей көлбеу бағаналардың ізі жоқ, үй жер бетіне ағаштан қималанып салынған. Тамақ істейтін, үйді жылытатын ошақ үйдің солтүстік бөлігінде орналаскан.Үйдің сыртында аулада тағы бір ошақ болған. Ол ашық жерде орналасқан, оның үстінде жай жаппа сиякты калқа болған болуы керек. Адамдар бұл ошақты жазда пайдаланған.

Бұл екі үйдің орнынан, күлтөкпелерінен мынадай заттар табылған: сүйек немесе мүйіз заттар — пышақ, біз, тері жұмсартқыш калақша, жылқының тобығынан жасалған адамға ұқсас бейне, асықтар, т. б. Пышақ  малдың жілігінің жарықшағынан жасалса, біз кәріжіліктің қасындағы сүйектен, тері жұмсартқыш ұсқы өгіздің жақ  сүйегінен жасалған. Жылкының тобығынан жасалған бейне адамның пошымына келеді. Тастан жасалған заттар: тас келсап, кетпен, дәнүккіш қалып, кен үгітетін балға, жұмыртка пішімді зат, қайрақ, ұршықтың басы, атқыш тас, тас құты, т. б. заттар. Балшықтан жасалған заттар, әр түрлі ыдыстардың сынықтары. Металл заттардан тек бір қола орақтың сынығы табылды. 
Шығыс Қазақстанда зерттелген, сондай-ақ Кіші Красноярка, Трушниково қоныстарындағы, жерлеу орындарынан табылған, қоладан жасалған, тарихи-мәдени құнды заттар: қанжар, білезік, шот, кайла, жебелер, шокпардың бес емшекті басы (тас), найза ұшы, орақ, балта-шоттар, пышақтар. Қола дәуірінің соңына карай тайпалар арасында алыс-беріс күшті дамиды. Шығыс Қазақстандықтар бұл кезде, әсіресе бір жағынан Жетісуды, екінші жағынан Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалармен тығыз араласқан. Бұл олардың арасында қола, алтын, геометриялық өрнекпен өрнектелген қыш ыдыстар, мал түліктерімен ауыс-түйісінен, айырбасынан көрінеді. Қола дәуірінде Шығыс Қазақстан жерінде тау-кен өнеркәсібі және металлургия жақсы дамыды. 

Қола дәуіріндегі Солтүстік  және Батыс Қазақстан

 

Бұл өңірлерде қола дәуірі ескерткіштері мол ұшырасады. Солтүстік пен Батыс Қазақстан жерінде қола дәуірінің 150-ден аса қонысы, 200-ге тарта қорымы зерттелді. 
Ерте қола кезеңі ескерткіштеріне Вишневка-І, Қарлыға-І қорымдары, Бескөл-І, Вишневка-ІІ, Пестрое қоныстары жатады.

Ерте қола кезеңінде  мәйітті қабірге өртеп қойған. Үйлерін жер бетіне салған, аумағы көбіне 100 шаршы метрден астам, қабырғасы беренеден қиылып салынған, төбесінің екі қанатын қайқайтып жапқан. Құралдары тас, қола, сүйектен жасалған. ЬІдыстары құты сиякты, түбі жайпақ. Орта қола кезеңіне жататын Садчиков, Новоникольское, Тастыбұлақ қоныстары, Новоникольское-І, Бурабай, Бүйреккөл, Барлық, Петропавл қорымдары. Бұл кезде жер бетінде салынған ағаш үйлермен қатар жер астына 1 метрге жуық қазылып салынған жартылай жертөле үйлер де пайда болады. Олардың есігі, бұрышында болады, бірден сегізге дейін ошақ болады. Ағаш жоқ жерлерде, әсіресе Батыс Қазақстан өңірінде үйлер, негізінен, тастан салынды. Тұрғын үйлердің жанында қабырғасын сексеуілмен немесе шарбақпен шегендеген құдықтар да болды.

Өлген адамдарды сол  немесе оң жамбасымен, қол-аяғын бүгіп  жерлеген. Бір дәулетті әйелдің кабірінен мынадай әшекейлер шыққан: қола қапсырмалар, моншақтар, өңіржиек, күміс сырғалар, білезік, қола жүзік, шолпы. 

Қола дәуіріндегі Оңтүстік Қазақстан  мен Жетісу өңірі

 

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудан қола дәуірі ескерткіштері аздау зерттелген. Оңтүстік Қазақстанда өткен ғасырдың 60-жылдары Таутары, Бесарық, Алақөл ойпатында Қарақұдық қорымы зерттелген еді. Аралдың шығыс жағындағы Егізкөк, Көксеңгір тұрақтарын, Солтүстік Түгіскен қорымдарын 60-жылдары Хорезм экспедициясы зерттеген. 80-жылдары қола дәуірін зерттеу жұмысы Алматы, бұрынғы Талдықорған, Жамбыл облыстарында жоспарлы түрде жүргізілді. Бұл өңірден ерте қола дәуірі ескерткіштері әлі табылған жок. Орта қола ескерткіштеріне Жетісуда Талапты, Құйған, Қарақұдық, Айдаһар, т.б. қорымдары жатады. Олардың мерзімделуі — б.з.д. XVI—XIII ғасырлар. Оңтүстік Қазақстан жерінде осы кезеңге Биліккөл, Киікті, Таутары қорымдарын жатқызуға болады.

Соңғы қола ескерткіштеріне  Биғаш, Ақсай, Сағанды, Жыланды, т. б. жатады. Олардың пайда болған уақыты шамамен б.з.д. XII—IX ғасырлар. Оңтүстік Қазақстанның қола дәуіріне сол замандағы металлургиялық. орталықтың бірі Орталық Қазақстанның Андронов мәдениетінің әсері күшті болды. Жетісудың қола дәуірі мәдениетіне сол заманғы қола металлургиясының ірі орталығының бірі Алтай- Тарбағатай қола мәдениетінің әсері болған. Қола дәуірінің соңына карай Жетісуға Орталық Қазақстандық Андронов мәдениеті тайпаларының қоныстануына байланысты жаңа мәдени үрдістер пайда болды.

Оңтүстік Қазақстанда  қола дәуірінің ортаңғы кезеңінде  жер үстіне қырынан қазылып орнатылған тақта тастардан, кейде жер бетінен  қазылмай қойыла салыңған жұмыр тастардан  салынған қоршаулар тән. Олардың  пішімі тіктөртбұрыш, шаршы, сопақша, дөңгелек келеді.

Өлікті жерден қазылған, бетін үлкен тастармен жапқан қабрге жерлеген, өлікті өртеп барып  қою ғұрпы басым болған. Өлген  адаммен бірге қыш құмыралар  қойылған. Олар көбінесе тарақ жүзді өрнекпен өрнектелген. Кейбір құмыралардың түбіне бидайдан, тарыдан жасалған тағамдардың қалдығы табылған.

Жетісудағы қола дәуірі қорымдарының үлгісі ретінде Қарақұдық  кешенін алуға болады. Ондағы жер беті құрылыстары тақта тастардан шеңберлей немесе тіктөртбүрыштанып соғылады. Қабірдің екі түрі кездеседі: ірі қақпақ тастардан жасалған тас сандық және қабырғасы тақта тастардан қаланған тас сандық (циста). Сонымен бірге қабірден қола айна, қола моншақтар, білезіктер, қыш ыдыстар табылған.

Аралдың шығыс жағында  орналаскан Түгіскен кесенелері қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштері  болып саналады. Олар төртбүрышты, сарғыш түсті шикі кірпіштен салынған. Екі қабат құрылыстан тұрады. Сыртқы қабырғасы төртбұрышты, оның ішінде дөңгелек кұрылыс бар. Кесененің төбесі кірпіш бағандарға тірелген. Кесененің ортасында және дәлізде жерлеу мүліктері: қыш, әр түрлі құралдар, қола және алтын әшекейлер, т. б. заттар қойылған. Түгіскенде елікті ертеу ғұрпы басым болган. Түгіскен кесенелері Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай ескерткіштеріне өзінің жоспары, сәулеті, төбесінің жабылуы, тіреулері, ішіне қойылған заттары жағынан қатты ұқсайды. Олардың айырмашылығы — Беғазы-Дәндібай кесенелері ірі гранит тастан салынса, Сыр бойында, Қызылқұм жерінде гранит тастардың болмауына байланысты Түгіскен кесенелері шикі кірпіштен қаланған. Сыр бойы ескерткіштері мен Сарыарка ескерткіштерінің бір-біріне ұқсауы қола дәуірінің соңына қарай осы өңірлерді жайлаған тайпалар ендік бойымен жазда оңтүстіктен солтүстікке, ал қыста солтүстіктен оңтүстікке көшіп өмір сүргендігін көрсетеді. 

Пайдаланылған әдебиет 
Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4


Информация о работе Қола және тас дәуіріндегі Қазақстан