Шыңғыс хан өмірінің беймәлім беттері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Октября 2012 в 10:36, контрольная работа

Краткое описание

Шыңғыс хан шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқаннан ақырғы демі бітіп, о дүниеге аттанғаннан кейін де, тарихта түйіні бүгінге дейін шешілмей, тіпті шешілуі неғайбыл өз өмірінің беймәлім беттерін қалдырып кетті.

Содержание

1. Шыңғыс ханның тегі туралы деректер
2. Шыңғыс хан өлімінің құпиясы
3. Шыңғыс хан суретінің құпиялары

Вложенные файлы: 1 файл

технология.doc

— 98.50 Кб (Скачать файл)

Жоспар:

 

  1. Шыңғыс ханның тегі туралы деректер
  2. Шыңғыс хан өлімінің құпиясы
  3. Шыңғыс хан суретінің құпиялары

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                      

 

 

                                       Кіріспе

Шыңғыс хан  шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқаннан ақырғы демі бітіп, о дүниеге аттанғаннан кейін де, тарихта түйіні бүгінге дейін шешілмей, тіпті шешілуі неғайбыл өз өмірінің беймәлім беттерін қалдырып кетті.  
Шыңғыс қағанға дейін де, кейін де тарихта аты қалған ұлы тұлғалар болған. Бірақ олардың бірде-біреуінің дәл қағандыкіндей аса мол құпиясы қалған жоқ. Демек, әлем тарихындағы ең құпияға толы тұлғалардың бірі әрі бірегейі - Шыңғыс хан. Ол туралы шындықтың кейбір беттері әлі ашылмай келеді. Ол өте сұңғыла, ақылды адам болған. Оның бойынан қатыгездікпен басқа елдерді жаулап алудың неше түрлі әдістерімен қатар, еркімен берілген халықтарға зорлық-зомбылық көрсетпеу туралы өзінің нояндарына берген бұй­рығы туралы аңыздар да айтылады. Шынында да, ол қатыгез, жауыз, жабайы, надан болса, неге оны бүкіл әлем «екінші мыңжылдықтың тұлғасы ретінде» мойындап отыр. Оның ұлылығы ерте ме кеш пе тарихта өз атының қалатынына сенген. Сол кезде біреу мақтап жақтар, ал екінші керісінше пікірде болуы мүмкін ғой. Мұндайда достарыңнан гөрі қастарыңның көп болатындығы тарихтан белгілі. Сондықтан Шыңғыс хан досқа да, жауға да өз өмірінің кейбір сәттерін құпия ұстаған. Ұлы қаған о дүниелік болғанымен, киелі рух адамзаттың ойына орала береді. Ол туралы мыңдаған кітаптар мен ғылыми мақалалар, бірнеше кинофильмдер мен пьеса қойылымдар шығарыл­ды. Шамамен осыдан екі жүз жыл бұрын қағанның мүрдесін іздеу басталғаннан бері жүзге жуық экспедиция ұйымдастырылып, қыруар жұмыстар жасалғанымен, сол баяғы ашылмаған құпия ашылмай келеді. Бұл мәселеге кейін оралармыз. Алдымен Шыңғыс ханның өмірі, шыққан тегі жөнінде соңғы кезде кәсіби тарихшыларымызбен қатар әуесқой тарихшыларымыздың да (М.Мағауин, Қ.Данияров, М.Қарғабаев, М.Қожырбайұлы, т.б.) үлкен ықыласпен қалам тартқанын атап кеткен жөн. Осы авторлардың еңбектері ықылым заманнан айтылып, тарихи қалыптасқан пікірлер мен тұжырымдарға жаңаша көзқарас­пен қарауға итермелейді. Қазақ тарихшылары кейінгі кезде Шыңғыс ханды әрісі түрік, берісі қазақ ету, тіпті керей, адай, найман, қоңырат, меркіт, т.б. рулардың біріне жатқызу ойларын ашық айтып та, жазып та келеді. Дегенмен, оның дүниеге моңғол болып келіп, моңғол болып озғанын ұмытпауымыз керек.   
          Шыңғыс ханның шығу тегіне байланысты соңғы кезде әлем ерекше қызығушылық танытуда. Моңғол зерттеушілері Шыңғыс ханды моңғол десе, қытайлық тарихшылар оның тегін қытай халқынан іздестіреді. Украин зерттеушілері де қағанның тегінен дәмелі. Мәскеулік генетиктер Моңғолиямен шекаралас болған Тува, Бурятия және Қалмақстан тұр­ғындарының 1,7 пайызында, тіпті, Алтай қазақтарында қағанның ДНК-сы 8,3 пайыз деп әлемге жар салып отыр. Шыңғыс ханның жоғарыдағы аты аталған халықтардың тегіне жататындығы туралы ешқандай тарихи дерек жоқ. Айтатындары - олардың халқының кейбіреуінде Шыңғыс ханның ДНК-сы (V хромасома) бар дейді. «Ал енді осыны айтып отырған ғалымдардың қолында Шыңғыс ханның өзіне тән ДНК бар ма? Әрине, жоқ. Моласы, сүйегі табылмаған соң ДНК қайдан болсын?» деп тұжырымдайды ғалым Төреғали Тәшенов. ДНК оның қай жақындарынан алынғаны да белгісіз.         
         Осы сияқты бір топ батыс ғалымдары Еуразияның әр бөлігінен 18 халық өкілдері ер-азаматтарының ДНК-сына зерттеу жүргізгенде, көп­шілігінің қан құрамдары бір-біріне өте жақын, тіпті ұқсас, бір «отбасының» жандарындай болып шыққаны АҚШ-тың «Адам генетикасы» журналында басылды. Олар Каспий теңізі мен Тынық мұхиты аралығындағы бүгінгі 16 миллионға жетіп жығылатын адамға ұрық қалдырған феномен Шыңғыс қаған деген қоры­тынды жасаған. Демек, бұл да ғылыми негізге сүйенбеген ақпар. Бірақ соңғы шыққан ғылыми жұмыстарға сүйеніп талдау жасауға, ойлануға, жаңа көзқарастар туғызуға, жеке пікір айтуға әркім де ерікті, тек тарихи принциптер мен заңдылықтар және деректер негізінде болуы керек. Сонда оны негізсіз ешкім меншіктенбес еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Шыңғыс ханның тегі кім? Әкесі Есүкей - Қиат руының Бөржігін әулетінен. Күні бүгінге дейін осындай пікір қалыптасқан. Онда Шыңғыс ханның да тегі осы Бөржігін. Шешесі Әуелен, бәйбішесі Бөрте әрісі түркі, берісі қазақ тайпаларымен туыстас Қоңырат руының қыздары екені «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын топчы» шежірелерінде, моңғол мен Шыңғыс хан тарихын зерттеп жүрген көптеген авторлардың еңбектерінде жазылған. Осыларға сүйеніп тарихтың терең қойнауына көз жіберсек, Қиат руы Шыңғыс хан дүниеге келгенге дейін үш жүз жыл бұрын Әмудария мен Сырдария арасындағы Мәуеренахр аймағында өмір сүрген. Қиат дейтін қала да болған. Бұл - ежелгі түрік тайпаларының мекені. Осыдан Шыңғыс ханның арғы тегі түріктер емес пе екен деген ой көптеген ғалымдардың (олардың ішінде осы жолдардың авторы да бар) көкейінде ұялайды да тұрады. Түрік түрік болып аталғанға дейін Қытайдың солтүстігі мен қазіргі Моңғолия жеріне ежелгі түрік тайпалары қалай барған? Біздің пікірімізше, ғұндардың     Ұлы қоныс аударуынан бұрын ежелгі түрік рулары мен тайпалары осы аймаққа қоныс аударуы мүмкін деген ой туындайды. Түріктерден қорғану үшін салынған Ұлы Қытай қорғаны да осының айғағы сияқты. Олардың көптігіне таң қалған жергілікті тайпалар немесе түріктердің өздері көшпенділерді «мың қол» деп атап кеткенге ұқсайды. Осы тұста мынадай да ой келеді. Ежелгі моңғол жеріндегі тайпалар алыс-жақын жерлерге жорық жасап, көптеген сарбазды тұтқындап, соларды «мың құл» деп те атауы мүмкін ғой. Олар жергілікті тайпалармен сіңісіп, көпшілік болып «мың құл» атанып, кейін «моңғол» сөзіне айналуы да мүмкін. Ғалымдардың басым көпшілігі Шыңғыс хан тарих сахнасына шыққанға дейін еш жерде, ешбір деректе «моңғол» атауы кездеспейтінін алға тартады. Қазақ халқын құрайтын тайпалардың санатына кіретін рулардың ішінде де «моңғол» тайпасы жоқ.        «Көшпенділер үшін «моңғол» сөзі рулық немесе тайпалық ұғымды білдірмейді», - дейді М.Қарғабаев өзінің «Көшпенділер атлантидасы» атты еңбегінде. «Моңғолдың құпия шежіресін» жазғандар да моңғол туралы еш мәлімет бермейді. Авторлар Шыңғыс ханның этникалық тегін жазуды мақсат етпегенмен, ондағы кейіпкерлердің барлығы (ру-тайпалар, жеке тұлғалар) түркі ғұрыптарын ұстаған және есімдерінің түбірі де түріктерге жақындау. Шыңғыс ханның өзі алыс жорықтарға шығарда, кейде бір төтенше жағдайлар болғанда, биік төбеге шығып, түріктерше мойнына бұршақ салып Көк Тәңірге жалбарынатын болған. Мысалы, Шыңғыс хан әскерінің батысқа ұзақ жорық жасар алдындағы осындай сәтті «Шыңғыс хан» телехикаясында анық көрсеткен. Сонда, түркі тілді ортада моңғол тайпасының, кейін моңғол империясының ғайыптан тайып қайдан тап бола кеткені түсініксіз. Бұған себеп, көптеген қазақ тарихшыларының пікірі бойынша орыс тарихшылары мен аудармашылары «Құпия шежірені» орысшаға аударғанда (XIX ғ.) «мың қолды» немесе «мың құлды» «моңғолдар» деп моңғол халқын ойлап тапқан сияқты. Бұл Шыңғыс ханның түркілік еместігін дәлелдеу үшін жасалған әрекет деп айтудан басқа амал жоқ. Жазба дерегі болмаса халық та жоқ деп есептейтін еуроцентристік көзқарастың ықпалы сезіліп тұр.  
       Ғалым М.Қарғабаевтың ұзақ уақыт жүргізген зерттеу жұмысында Шыңғыс хан Арыс бұтағының Жалайыр тармағынан тарайтын түркі деп нақтылайды. Тайпаның аты ағайынды Жал және Айыр аттарының біріктірілген түрімен аталады. Рудың таңбасы айыр түрінде беріледі. Мұндай таңба Шыңғыс хан заманынан да көп уақыт бұрын болған. Шыңғыс хан және оның ұрпақтары ата-бабаның дәстүрін бұзбай әрқашан жалайырдың осы белгісін күні бүгінге дейін сақтап келеді деген уәж айтады автор.       
         Ал мағынасы одан да тереңірек, Шыңғыс ханды тікелей біздің арғы Ұлы бабамыз етіп сендіргісі келген ақтаулық Мәмбеткерім Қожырбайұлының «Шыңғыс қаған - менің ұлы бабам» атты материалы «Алтын Орда» газетінің 26-30 нөмірінде (2008 ж.) жарияланған. Автордың пікірінше, арғы түріктерді былай қойып, Ұлы қағанды Қазақ - Кіші жүз - Байұлы - Адай - Келімберді - Мұңал екендігіне еш күмән келтірмейді. Әрине, Мәмбеткерімнің бұл тұжырымына кінә қоюға болмайды. Автордың өзі айтқандай «тектінің текті ұрпағы» болып жатсақ, асқақтана мақтануға болады ғой. Осы арада Талдықорған қаласынан Айдын Бекжановтың «Шыңғыс хан қазақ болса, моңғолдар кім?» (Алтын Орда, 31 шілде - 6 тамыз 2008 ж.) деген сұрағына жауап іздеген жөн сияқты.  Шыңғыс ханның тегі туралы әлі де талай еңбектер жазылып, әртүрлі талас пікірлер туындар. Өйткені кім де болса, әсіресе ғалымдардың өз көзқарастарын білдіруі - құптарлық іс. Бұл мәселенің шешілу кілті - біздің пікірімізше, ұлы қағанның сүйегін тауып, оған тегін анықтайтын (ДНК) талдау жасалып, бұлтартпайтын дәлел анықталмайынша, әрқилы жорамалдар жалғаса береді.    
         Күні бүгінге дейін қаған ғұмырнамасындағы құпиясы - өлімі мен денесінің қайда жерленгендігі. Шыңғыс хан таңғұттармен біраз соғысып, Қытай жерінде азын-аулақ демалып жатқанда, елге келіп жүрген саудагерлерден Жошы өзінің ұлысынан тыс жерлерді басып алып, аң аулап, сән-салтанат құрып жүр дегенді естиді де, оны өзіне шақыртады. Жошы келмейді. Ашуланған қаған Жошының желігін басу үшін әскерін жиып, аттанады. Жошының келе алмауының басты себебі - ол ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатыр еді. Дертінен айықпай о дүниелік болады. Жошының өлімінің себебі әлі де беймәлім. Кейбір аңыздарда ол аң аулап жүргенде, абайсызда серіктерінің садағының оғынан жараланған, ол асқынып өлімге алып келді десе, келесі бір аңызда құланның айғыры бір қолын шайнап тастап, содан жазылмапты дейді. Бірақ шындыққа жақыны  -  Жошы обадан қайтыс болғанға ұқсайды. Оның сүйегі-Ұлытауда.    
      Тарихта қалыптасқан пікір бойынша, Жошы 1227 жылдың жаз айларының басында (кейбір деректерде мамыр) қайтыс болды десе, «Шыңғыс хан» телехикаясында 1226 жыл деп аталады. Сонда Шыңғыс хан бір-бір жарым жыл баласының қазасына бармағаны ма? Шындыққа жуыспайды. 
    Жетпіс жастан асқан шағында денсаулығының сыр бере бастауы және үлкен ұлының қайғысы Шыңғыс ханға оңай тимесе керек. Қалай болғанда да тұңғыш баласының өлімі қағанның қабырғасын қайыстырады. Денсаулығының нашарлауына қарамастан аңыз бойынша Жо­шыны жерлеуге атқа әрең отырып барып, кейін қарай арбамен алып қайтқан. Деректер бойынша, ол жол үстінде 1227 жылдың 25 тамызында қайтыс болған. Ал кейбір деректерде осы жылдың шілде айында деп те жазады. Жошы мен Шыңғыс ханның өлімінің арасы екі-үш айдан аспаған.   
      Шыңғыс хан өлімінің себептері жөнінде де аңызға негізделген әртүрлі пікірлер бар. Мысалы, белгілі саяхатшы италиялық Марко Поло ол уланған жебенің оғынан қайтыс болған десе, Рим папасының Моңғолиядағы елшісі болған Джованни дель Плано Карпини ханның өлімі найзағай түскеннен болды деп жазып кеткен. Ежелгі моңғолдардан сақталған аңыз бойынша, Шыңғыс хан таңғұттарды тас-талқан етіп жеңгеннен кейін, таңғұт патшасының Күрбелчин атты сұлу әйелін алған көрінеді. Кек алу мақсатында ол қағанды тістеп алып, жарасы асқынып, іріңдеп содан қайтыс болыпты дейді. Содан кейін Күрбелчиннің өзі сол маңдағы өзенге суға батып жоқ болады. Ал ресми мәліметтерде хан аң аулау кезінде аттан құлап өлген делінген. Біздің пікірімізше, Шыңғыс ханның өлімін тездеткен тұңғыш баласы Жошының қайғысы. 
      Жошыны жер қойнауына беріп кері қайтып келе жатқан қаған жол үстінде о дүниелік болғанын айттық. Аңыз бойынша, оның өлгені құпия қалуы үшін жолда кездескендердің барлығын өлтірген. Шыңғыс ханның сүйегін моң­ғол жеріне апармай, Ертіс өзенінің бойын­дағы Шыңғыстауда жайлауда отырған бәй­біше­сі Бөртеге жеткізіп, күзет қойып, осы жер­ден қағанның өлімі туралы жария етіледі. Жер-жерден халық келіп, қағанмен қоштасу Шың­ғыстауда болған сияқты. Қоштасу рәсімінен кейін аза тұтқан, жиылған елдің ығайлары мен сығайлары біртіндеп тарай бастайды. Ойланайық оқырман! Солардың өзінен Шыңғыс ханды қайда жерлейтіндігі құпия. 
       Ендігі үлкен мәселе қайда жерлеу керек? Шыңғыс хан жаулап алған жерлердегі қатыгездігі үшін моласын қорлауы мүмкін деген оймен өз денесін ешкімге көрсетпей, белгісіз етіп қоюды талап еткен деседі. Ондай жағдай көшпенділердің тарихында болып тұрған. Әсіресе, хандардың, патшалардың, кісі ақысын жеп, елді зар еңіреткен байлардың молаларын бұзып, қорлаған жағдай ежелгі Моңғол, Қытай шежірелерінде айтылады. 
      Шыңғыс хан аса құпия жағдайда жерленгендіктен, күні бүгінге дейін оның моласы беймәлім. Осының төңірегінде кейбір деректер мен ел аузында әр түрлі аңыздар бар. Ол аңыздардың мазмұны әр түрлі, көп жағдайда кері болады.    
      Көп тараған аңыздардың бірі - Шыңғыс ханның Бұрқан-Қалдұн тауының маңына жерленуі. Өзін жерлейтін жерді көзінің тірісінде өзі таңдап алған екен. Шыңғыс хан бірде аң аулап жүріп, жалғыз өсіп тұрған ағаштың түбінде демалып, жан-жағына мұқият зер сала қарап тұрып: «Осы жерге мені жерлейсіңдер, естеріңе сақтаңдар! Бұл жерге белгі қойылсын!», - дейді жалғыз өсіп тұрған ағашты нұсқап. Рашид-ад-Диннің мәліметі бойынша, ұлы хан өзі көрсеткен жерде жерленген дейді. Жерлеу рәсіміне қатысқан адамдардың барлығын қырып тастаған. Шыңғыс ханның өсиеті орындалды, оның денесінің Бұрқан-Қалдұн тауының қай жерінде екенін бүгінге дейін ешкім білмейді. Хан жерленген соң, ол жерге оқ атса өтпейтін қалың ағашты ну орман пайда болған .Келесі аңыз бойынша, бір түрік қолбасшысы ханның денесін Моңғолияға жеткізіп, төрт жерден көр қаздырып, төртеуіне төрт табыт салып көмген. Ханның денесі қай табытта екенін ешкім білмеген. Сол жерден үйір-үйір жылқы айдатып, молалар жермен-жексен болып, әбден тапталған кезде, ал енді табыңдар дегенде, ешкім хан сүйегі жатқан жерді таба алмаған. Жерлеуге қатысқандардың барлығы өлтірілген. Кейін Хэнтэй жерінің біраз бөлшегін қасиетті деп жариялап, ол жерді басқан адамды қарғыс атады деп санаған. Бұл да Шыңғыс ханның моласын іздемесін деген мақсатпен таратылған аңыз болуы мүмкін.   
     Тағы бір аңызда Шыңғыс ханның денесі Онон өзенінің арнасында су астында жатқан көрінеді. Бейіт қазу үшін өзенді басқа арнаға бұрып, жерленгеннен кейін оны қайта өз арнасына жіберген дейді. Тіпті, мынадай да аңыз бар. Қағанның қай жерге жерленгенін білдірмеу үшін денесін бір жыл бойы бальзамдап (моңғолдар ол кезде денені бальзамдауды білмеген), түйенің қомына салып алып, ел аралап жүрген. Ана жерге, мына жерге жерленді деп лақап таратқан. Марко Полоның жорамалы бойынша, «моңғолдар барлық ұлы басшыларын, қағанның ұрпақтарын үлкен Алтай тауының баурайына жерлеген. Шыңғыс хан қай жерде өлсе де, бәрібір оның денесін сол Алтай тауына қоюға тиіс дейді.                                                                                   
     Ғалымдар Шыңғыс ханның денесі үш өңірдің бірінде жерленуі мүмкін екенін айтады. Біріншісі - Ішкі Моңғолия, екіншісі - Чита облысының (Ресей) оңтүстігі, үшіншісі - атақты адамдардың жерленген жері табылған Биндер тауының етегі. Алғашқы екеуіне қарағанда, соңғы болжам шындыққа жақындайды, өйткені, Шыңғыс хан дәл осы өңірде дүниеге келген. Кіндік қаны тамған жерге жерлеу де көптеген халықтардың, әсіресе, түріктердің салтында бар емес пе? Археолог ғалымдар Биндердегі қорымның бір зиратынан табылған қару-жарақтар мен әшекейлі заттар Шыңғыс хандыкі болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. 
     Осы үш өңірдің қатарына Қазақстанды да қосуға болатын сияқты. Себебі қаған қайтыс болған кезде Аягөз маңында Бөрте бәйбіше жайлауда отырғанын, Шыңғыс ханның осы маңда да көз жұмуы, оны бәйбішесіне алып келуі мүмкіндігі туралы айтқанбыз. Қай халықтың да өлген адамды кешіктірмей туған жер қойнауына беруі ертеден келе жатқан салт-дәстүр. Қағанды туған жеріне жеткізудің қашықтығына және ауа-райының ыстығына байланысты әрі қарай жүру қиын болғандықтан, үлкен ұлы Жошының сүйегінің Ұлытауда жатқанын ескеріп, оның денесін сол Аягөз маңында жерлеуі мүмкін. Ал, М.Қожырбайұлы «бабамыздың моласы Ақмола облысы, Атбасар үйезінде, Бағаналы-Балталы деген найман жайында, Қаракеңгір бойында сырлаған кірпіштен салған ескі екі бейіт бар: Алаш және Жошы хан. Міне, осы Алаш хан мазары деп жүргендеріміз Шыңғыс хан бабамыздікі» дейді. Сонда Ұлы таудағы Жошының қасына жерлеген болады ғой. Бұған не айтамыз? Шыңғыс ханның моласын жоғарыда аталған екі өңірден де іздеу ақиқаттан алыс кетпейді. Шыңғыс ханның сүйегін табу үшін моң­ғолдармен қатар америка, жапон, француз, орыс ғалымдары да біраз тер төккен. Іздеу-зерттеу жұмыстары әлі жалғасуда. Оның өмірін 20 жылдан бері зерттеп жүрген америкалық ғалым Клавдистің пікірінше, бұл жұмбақ ұзаққа созылмайды. 
       «Ана тілі» газетінде (2009 ж., 21, 22 сандары) филология ғылымдарының докторы, халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, түрколог Қ.Сартқожаұлының «Шыңғыс хан мазары табылды» деген мақаласы жарық көрді. Айтса нанғысыз. Мақаланың мазмұны қысқаша мынаған саяды.  
        Ұлы қағанның мүрдесін іздеген жүздеген экспедициялар мен жеке саяхатшылардың ішінен бір ғана адам, ХХ ғ. басында (1903 ж.) Кентай жотасындағы Бұрқан-Қалдұн тауына барып, тұрғын халықтармен етене араласып, ел аузындағы аңыздарға сүйеніп, Шыңғыс ханның мазары осы таудың үстінде деген тұжырым жасап, болашақта зерттеу үшін жолсапар белгілепті. 
            XVIII ғасырдың аяғында туып, XIX ғасырдың орта шеніне дейін өмір сүрген моңғолдың ғұлама тарихшысы әрі жазушысы Ванчинбал «Көк судар» (Киелі шежіре - бәріміз білетін «Моңғолдың құпия шежіресі» негізінде жазылуы мүмкін) деген тарихи еңбегінде Шыңғыс ханның мүрдесін Бұрқан-Қалдұн тауының басына жерлеп, үстіне тастан үй салған. Мүрдені шынар ағаштан әдемілеп жасалған сандыққа (табыт) салып, оны үш жерінен алтын белдікпен орап (түріктерде, мұсылмандарда бар ғұрып), оны айналмалы механизмге орнатып жерлеген. Ол қандай механизм? Қандай заңдылыққа сүйеніп жасалған, ол 365 күннің бірінде шығысқа қараған сәтте ашылуы мүмкін дейді. Оны қалай есептеп шығаруға болады деген сұрақтар ойға келеді. Мүрденің басы күншығысқа қарамаса ашылмайды да, табылмайды, табылған жағдайда ашуға болмайды дейді. Өйткені, ондай жағдайда күтпеген табиғат апаты, соғыс, індет ауруы болуы мүмкін.Табытты ашатын күншығыстан көкбұқа мініп келген, қарт адам болатын сияқты.                                                                                    
        Қандай халық болмасын, мүрденің басын батысқа бағыттап жерлейді. Өлген дененің қозғалмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Бұл да сол Қаған мүрдесін іздетпеудің, таптырмаудың аңызға айналған амалы болса керек. Осындай ел аузындағы аңыздар мен дәстүрлерге, басқа да деректерге молынан хабардар болған және ұлы бабасының өсиеті мен тәрбиесін көрген, кішкентайынан бабасының Шіветі-Қайрхан тауының басына ертіп апарып, тастан жасалған алып кешенді көрсеткенін, «бұны сырт адамға айтуға, көрсетуге болмайды, мұнда аса үлкен құпия жатыр. Осы құпияны ашуға атсалыс», - деген тапсырмасын ұмытпай, ер жеткесін оны орындауда моңғол азаматы Нямагийн Дава хан мазарын табу үшін үлкен іске кіріседі. Ең әуелі Шіветі-Қайрхан тауындағы кешенді қазу кезінде Білге қағанның мүсінін табады. Одан кейін Моңғол үкіметінің рұқсатын алып, Бұрқан-Қалдұн тауының үстіндегі биіктігі - 12 метр, ұзындығы - 280 метр, көлденеңі - 190 метр кешенмен екі жыл бойы айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Георадиофизик, археолог, радиометр мен радиомагниттік бақылау әдістемелері арқылы жүргізілген сараптамалардың нәтижесінде, таудың үстіндегі кешеннің астында 30 метр тереңдікте бағалы металл және сүйек орналасқан табыттың суретін шығарады. Осы Шыңғыс ханның мүрдесі деген қорытындыға келеді. Бұл жерде мынаны ескерген жөн. Сол маңда Шыңғыс ханға дейін де, кейін де ұлы адамдардың жерленуі мүмкін ғой. Оның мазарын қазып, сүйектің дәл қағандыкі екендігіне көз жеткізбесе, бұл да сол аңыз күйінде қалып қояры хақ. Бұл бір. Екіншіден, ол мазар Шыңғыс хандыкі деп қазуға моңғол халқы рұқсат бермесе, автор айтқандай, әлі де мың жылдар бойы құпиясын сақтап, аңыз болып қала берер дегенімен толықтай келісуге болады. 
      Зерттеуші ғалымдар қағанның мүрдесін іздегенде Бөртенің қайда жерленгені туралы мүлдем ескермейтін сияқты. Бөрте Шыңғыс ханнан кейін қайтыс болса, оны Қағанның қасына жерлеу ақиқатқа жақындау келмей ме? 
      Ұлы ханға байланысты көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқанбыз. Солардың бірі - Шыңғыс ханның суреті. Бұл туралы И.Қабышұлы «Шыңғыс хан суреттерінің сырына үңілсек» (Егемен Қазақстан, 2002 ж., 30 қараша) деген мақаласында оның төрт суреті көрсетілген. Солардың екеуіне зейін салайық. Үшінші суретті негізінен Еуропа мен орыс тарихшылары қолданған болса, төртіншісі ислам дініндегі түркі елдері­нің пайдаланып жүрген тұрандықтар салған сурет. Шыңғыс ханның суреті жайындағы құпия екі суретіне байланысты. Осы екеуін мақаламызға енгізіп, басқа екеуіне қызығушылар И.Қабышұлының жоғарыда көрсетілген мақаласынан не осы жолдар авторының «Тұғыры биік тұлғалар» кітабынан қарауына болады. 
        Біздің 1990 жылға дейін Шыңғыс хан суреті деп немересі Құбылай орнатқан Юан ұлысын құртқан,қытай әскерінің қолбасшысы Гоцысиннің суретіне (1-сурет) табынып келіппіз, яғни оның дұшпанын дәріптеппіз. 
      Қытайда әркез билеуші хандардың және ханшайымдардың суреттері сақталатын мұражай болған. Оған кезкелген адам кіруге, көруге тиым салынған. Бірақ, әйгілі француздың миссионері А. Гюбрек амалын тауып кіріп, мұндағы суреттердің дұрыс-бұрыстығына мән бермей, Қытайдың қылқалам шеберлерінің ең озық дүниесі деп 1-суретті асыра мақтаған. 
      1968 жылы этнограф-зерттеуші Л.П. Сычев «Шыңғыс хан және оның мирасқорларының суреттері» деген мақаласын «Народы Азии и Африки» журналына жариялайды. Бұл сурет Юан ұлысын талқандаған Қытайдың Мин патшалығының қолбасшыларыныкі болып шығады. Кейін бұл суретті Чин ұлысының суретшісі Шангуан Жоу салады да, баспаханадан көбейтіп, әлемге таратады. Осылайша, Шыңғыс хан деп сеніп келген сурет қытайлық Жу Юан Жан салған Гоцысиннің суреті болып шығады.Ал Юан ұлысының хандары мен хан­шайымдары суреттерінің арасынан табылған суретке (№2) зер салайық. Ғалымдар­дың пайымдауы бойынша, бұл суретті Шыңғыс ханның немересі Құбылайхан Юан ұлысының дәуірлеп тұрған шағында Жалайыр Қара Қасен дархан (моңғолда ұстаны - «дархан» деп қастерлеп «дархан хун бурхан ухаантай» - ұста ұлықтардан да ұтқыр ойлы деген) салған болуы керек. Ол мәрт, жомарт, абыз, ақылгөй ғұлама, ғажайып суретші адам болған. Оның салған суретінде Шыңғыс хан басына айқара жапқан ақ құндыз тұмақ, үстіне қаусырмалы орама жағалы ақ шапан киген кең маңдайлы, келіскен келбетіне ақ бурыл сақалы жарасқан, оң құлағының артында сырғаға ұқсаған дөңгелене түйілген шашының шеті қылтиған, тұмақ астынан самайына қарай қос кекілін жара тараған, терең ой үстінде отырған адам бейнеленген. Шыңғыс хан замандастары оны көбіне осылай бейнелейтін және «Шыңғыс хан» телехикаясында осындай көріністер жиі көрсетілген. 
      Шыңғыс ханды көзбен көрген қытайлық Чан-чун әулиенің «ол етжеңді, толық денелі, қой көзді, қоңырқай жүзді, ажарлы адам», «Құпия шежіреде» Есүкейге қоңыраттың Дей шешені: «Балаңның көзі отты, жүзі нұрлы екен, құда болсақ қайтеді?» дегенінен басқа оның бет-бейнесі, кескін-келбетін суреттеген бірде-бір дерек жоқ. Сондықтан да жалайыр Қара Қасен дархан салған суретті қағанның шынайы бейнесі деп қабылдауға болатын сияқты. 
     Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды: Шыңғыс ханның өмірі тарих қойнауына тереңдеген сайын, оның беймәлім беттері де қоюлана түседі, ал олардың сырларын ашу алдағы ғасырлар еншісіне тиері сөзсіз. Олай болып жатса, ол сол кезеңнің ұлы кереметтерінің арасынан орын алатынына күмән жоқ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                  

 

 

 

 

 

 

 

               

 

                Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.«Қазақ тарихы» //Шыңғыс хан.3-7,2010№6.

2. «Егемен Қазақстан»//И.Қабышұлы.,Құпия шежіре.13-15,2011 20желтоқсан.

3.«Көшпенділер атлантидасы»//М.Қарғабаев.,Алтын Орда.3-5,2006№5.

4.Тұғыры биік тұлғалар, Ж. Орамах.Ақтөбе,2008.

5. «Ана тілі»//Қ.Сартқожаұлы.,Шыңғыс ханның мазары табылды.18-20,2010№3.


Информация о работе Шыңғыс хан өмірінің беймәлім беттері